Қазақстанда әйелдер экипажы ғарыштық оқшаулану жобасын іске асырмақ

Қазақстанның ғаламдық ғарыш зерттеулерінде ерекше жаңалық! Елімізде алғаш рет ұзақмерзімді оқшаулану жобасы іске қосылды. Оған әйелдер экипажы қатысып жатыр. Елордадағы Ұлттық ғарыш орталығында орналасқан ғарыштық ұшуды бейнелейтін модульде 10 күн бойы төрт зерттеуші жабық кеңістікте медициналық және командалық зерттеулер жүргізеді.
Жаңа жоба «SANA-1» деп аталады. Ұзақмерзімді оқшаулау жобасына іріктеуден өткен ғарыш саласының жас мамандары қатысып жатыр. Алғашқы экипаж мүшелері – қыздар. Жоба адам психологиясы мен физиологиясының ғарышқа ұқсас жағдайда қаншалықты төзімді болатынын зерттеуге бағытталған.

ӘСЕМ ҚУАНДЫҚ, ЭКИПАЖ МҮШЕСІ:
— Мен микроклиматты, ауа райын, температураны және ылғалдықты зерттеймін. Космоста зерттелмеген нәрселер өте көп.
Тәжірибе заманауи ғарыш кемесінің жерүсті үлгісінде жасалған капсуласында өтеді. Бірінші рет қолданылғалы отырған эксперимент орталығында 4 зерттеушіден құрылған экипаж 10 тәулік, яғни 240 сағат бойы арнайы модульде ғарыштық ұшу жағдайын зерттейді.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— 10 күн тәжірибелік сынақтан өтетін экипаж үшін капсулада барлық жағдай жасалған. Ас суынан бастап, жатын орындары және тек жұмысқа қолдану үшін интернет желісі де бар. Қыздардың негізгі міндеті жабық кеңістікте осынша уақыт адам психологиясы мен төзімділігін зерттеу.

Жабық кеңістікте отырып қыздар сыртқы әлеммен де байланыса алады. Мәселен, инженер Әсем Қуандықтың тағы бір мамандығы ұстаз. Ол тіпті 6-сынып оқушыларына математикадан онлайн сабақ өткізуді жоспарлап отыр.

Шынайы ғарыш экспедициясының сценариін сынақтан өткізетін экипаж бүгін іске кірісті. Мамандар бұл тәжірибе Қазақстанның ғарыштық зерттеулер саласындағы біліктілігін дамытуға, болашақ ғарыш миссиялары үшін ғылыми база қалыптастыруға негіз болады деген үмітте.
———————————————