Қарттар күні: қазыналы қариялардың қазіргі келбеті қандай?

Бүгін қарттар күні. Бұл күнтізбедегі жай ғана мереке емес. Үлкенге құрмет көрсетіп, алғыс ақтаратын күн. Ал қазыналы қарияларымыздың қазіргі келбеті қандай? Немере-шөбере бағып жүр ме? Әлде?..
Күләнда Сағымбайқызының қолынан фотоаппараты түскен емес. Жетпістен асқан шағында табиғаттың кереметі мен талай ғимараттың ғажайыбын таспалап жүр. Желмен жарысқан құстардың да келбетін келістіріп, өнерсүйер қауымды сирек туындыларымен тәнті етуде. Тіпті жеке көрмесін де ұйымдастырған.

Жалпы еліміздің әр түкпірінде зейнет жасындағы адамдарды құрметтеу, олардың өмірін ұзарту мақсатында ашылған орталықтар сәтті жұмыс істеп тұр. Яғни құрметті демалысқа шыққан соң, қариялар төрт қабырғаға қарап отырмайды. Түрлі үйірмеге қатысып, өздерін жаңа қырынан танытады.

Астанада 6 бірдей белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар. Мысалы, Сарыарқа ауданы бойынша 3200-ден астам ардагер тіркелген. Күніне солардың 200-ден астамы осы орталықтарға қатынайды. Мұнда 15-тен астам қызмет түрі көрсетіледі. Яғни қариялар 20-дан астам клуб пен үйірмеде уақыт өткізеді.
Иә, қазіргі заман қариясының бейнесі осындай. Үнемі белсенді, заманға сай дамып отырады. Ұзақ, сапалы өмір сүруге құштар. Мәселен, елімізде 100-ден асқан 448 қария бар. Ұзақ өмір сүретіндердің дені Алматы,Түркістан облысында тұрады. Ал 115 жасқа келген ең егде қария – Ұлытау облысының тұрғыны.
———————————————