Digital Bridge 2025: әлемдік IT-қауымдастықтың басын қосты

Астана әлемдік ІТ-қауымдастықтың назарында. Бүгін Digital Bridge 2025 форумында халықаралық компаниялар мен сарапшылар киберқауіпсіздік пен цифрлық экономиканың өзекті мәселелері, цифрлық экожүйелерді дамытуды талқылады.

Digital Bridge 2025 форумы жаһандық технологиялық тренд талқыланатын басты алаңға айналды. Елордада өтіп жатқан ауқымды шара әлемнің жетекші сарапшыларын, ІТ индустрия көшбасшыларын, инвесторлар мен кәсіпкерлерді бір шаңырақ астына жинады. Диалог алаңында бизнес өкілдері мен мемлекеттік компаниялар нейрожелілер арқылы болашақты қалай қалыптастыруға болатынын талқылады. Freedom Holding компаниясының бас директоры Тимур Турловтың пікірінше, инновациялық экожүйелер — цифрлық дамудың келесі кезеңі.

ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
– Қазірдің өзінде біз бизнеске арналған цифрлық ассистентті іске қостық. Ол Freedom Business қосымшасында жұмыс істейді. Жақында SuperApp ішінде барлық сервисті басқаратын жаңа ассистент пайда болады. Меніңше, елімізде бұл технологияларды күнделікті өмірде қолдануға үлкен мүмкіндік бар .

Жасанды интеллектің ықпалы тек экономикамен шектелмейді. Қазірдің өзінде IT технология кино мен музыка саласына белсенді енгізілуде. IT саласында алғашқы юникорн пайда болды. Отандық режиссерлер бұған бейжай емес.

АЙСҰЛТАН СЕЙІТОВ – РЕЖИССЕР:
– Мен балалық шағымда IT маманы болғым келді, бірақ режиссураға бет бұрдым. Бүгінде ІТ индустриясы кино саласына еніп жатыр. Бұл жаңа, ірі жобалардың бастауы деп ойлаймын. Болашақта кино саласының сапасына да оң әсер етпек.
———————————————