Кәсіпкер Астанадағы көпқабатты үйдің дәлізін асханаға айналдырған

Бұл видеоны тұрғын үй бірлестігінің басшысы бүгін таңертең түсірген. Ешқандай есік-терезесі жоқ, санитарлық нормалар сақталмайтын дәлізде тапсырысқа тамақ дайындалады. Лас орынды біз тамыз айында да түсіріп, көрсеткенбіз. Ол кезде учаскелік инспектор «аспаздарды» қуып, дәлізді босатып берген. Араға аз уақыт салып, кәсіпкер ас пісіру бригадасын тағы да осы жерге әкеліп орналастырған.
АЙНҰР ҚҰЛБОСЫНОВА, МҮЛІК ИЕЛЕРІ БІРЛЕСТІГІ БАСШЫСЫ:
— Ештеңе өзгерген жоқ. Кәсіпкер әлі де жалпыға ортақ дәлізді ас дайындау орны ретінде қолданып келеді. СЭС мамандарына е-өтініш арқылы шағым жаздым. Бір ай өтті, жауабы әлі жоқ. Хатымды бір-біріне ығыстырып жатыр.
Тұрғынның айтуынша, жабайы асхана түнімен жұмыс істейді. Таңертең қызметкерлер дәліздегі дүние-мүлікті жинап тастайтын көрінеді. Бүгін де асхананың орны бос тұр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Бұл жердегі көрініске қарағанда кәсіпкер өзінің бүкіл азық-түлігін осы жерде сақтайтын сияқты. Міне, қызанақ, қырыққабат, картоп, жуа жатыр. Яғни, баспалдақтың астын өзіне қойма қылып алған.
Санитар-мамандар бұл бассыздықтан хабардар болғанымен, ештеңе істей алмай отыр. Себебі тұрғындардан келген өтініште кәсіпкер туралы ақпарат аз дейді.
Жарты жылдан бері жабайы асхананы жаптыра алмай отырған тұрғындар: «Құзырлы органдар тапсырыспен дайындалатын тамақтан біреу уланып, құрбан болса ғана қозғалатын шығар», — дейді.
———————————————