Оралда жасөспірім үстіне футбол қақпасы құлап қайтыс болған еді. Осы іске қатысты қылмыстық істі қарау басталды. Кешкісін ауладағы өзге балалармен бірге доп теппек болған 11 жасар бала қапияда көз жұмған болатын. Оқиға осыдан үш жыл бұрын орын алса да, сот отырысы енді басталды.
 АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
 — Оқиға 2022 жылдың 27 шілдесінде орын алған болатын. Кешкілік қаладағы көп қабатты үйлердің ауласына ойнауға шыққан 11 жастағы баланың үстіне футбол қақпасы құлаған еді. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем көлігі алғашқы көмек көрсеткенімен, баланың өмірін сақтап қала алмады.
Сот отырысында айыптаушы тарап қаладағы ойын алаңдарына жауапты спорт клубын оқиғаға кәнілі деп тануды ұсынды. Олар өз теңгеріміндегі алаңдардың жай-күйін қараусыз қалдырған. Оқиғадан соң құлаған қақпа ауыстырылды. «Алайда бұл әрекет жауапкершіліктен құтқармайды», — дейді құзырлы орган өкілі.
САЛТАНАТ ХАЛИЛОВА, ПРОКУРОР:
 — 2023 жылдың 15 желтоқсанында 51-65 нөмірлі құрылыс техникалық сараптаманың нәтижесі бойынша және оқиға орнын тексеру, мамандардың, куәгерлердің анықтамалары негізінде аталған футбол қақпасы құрылыс сметалық құжатқа сәйкес келмеді.
Сот отырысында қайтыс болған баланың анасы бұл оқиғаның отбасы үшін өте ауыр тигенін айтады. Ойын алаңының ортасында қанға боялып жатырған ұлымның бейнесі көз алдымнан кетер емес дейді. Оның үстіне ішекше созылып кеткен қылмыстық істің өзі де жүйкені жұқартып тұр.
САЛТАНАТ ЕСЕНӘЛИЕВА, АНАСЫ:
 — Арада үш жылдан астам уақыт өтті. Неге әлі күнге бұл іс соңына дейін жетпейді? Қаншама сараптамалар жасалынды. Бізге түрлі сылтау айтып, біресе анда, біресе мұнда бұлғақтатып келеді. Сот әділ шешім шығарады деп күтемін.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
 — Осы іске қатысты бүгін қалалық сотта алғашқы отырыс өтті. Тараптар тыңдалды, куәгерлерден түсінік алынды. Онымен сот отырысы аяқталған жоқ. Әлі де жалғасып жатыр.
 ———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.