Павлодар облысында үй құсы жаппай қырылып жатыр. Бүгінге дейін мұнда жалпы саны 1700-ден астам тауық пен қаздың өлексесі анықталды. Мамандардың айтуынша, қыркүйек айының басынан бері бес ауданда осындай жағдай тіркелген. Қауіпті індетке шалдыққан құстардың көзі суалып, артынша айналып құлайды. Олардан алынған сынама Ұлттық ветеринария референттік орталығына жіберілді. Бұл құс тұмауы болуы мүмкін. Егер диагноз расталса, инфекция анықталған ошақтар карантинге жабылады. Жалпы облыста барлығы 1,5 миллионнан астам үй құсы бар. Ал оның 20 проценті жеке шаруашылыққа тиесілі.
 Естеріңізге сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында да осындай жағдай. Тек бір ғана Бугровое ауылында 2 мыңға жуық құс қырылды. Әзірге құс тұмауы теріс нәтиже берген. Енді пастереллезге тексеріліп жатыр. Сараптама қорытындысы алдағы 2-3 күнде белгілі болады.
 ———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.