Өнер мен өнегені ұштастырған ұстаздар әулеті – Камалиденовтар отбасы

63 жыл. Бұл – Атыраулық ұстаздар династиясының жалпы еңбек өтілі. Бүгінде Камалиденовтар отбасының екінші буыны білім беру саласында қызмет етіп келеді. Бір әулеттен алты мұғалім шыққан.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан», — деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Дәл осы тәмсіл Камалиденовтар әулетінің берік қағидатына айналғандай. Әнес Камалиденов Музыка өнерін Атырауға алғаш танытып, мектеп ашқан ұлағатты ұстаз.

ЕРБОЛАТ КАМАЛИДЕНОВ, ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ:
— Біз, Камалиденовтар музыкалық династиясы, әкеміз – осы Гурьев училещесінің ең алғашқы түлегі. Көп жыл прима класында оқып, осында сабақ берді. Мектеп ашты. Анам сол Балықшыда қобыз класын ашты. Осы мектепті республикаға танытты.

Дарынсыз бала жоқ. Иә, отыз жылдан бері мәртебелі мамандықта аянбай тер төгіп келе жатқан Талғат Камалиденов әр баланың бойындағы талантты ашу ұстаздың шеберлігі дейді. Өнерлі өнегелі отбасының жары мен қызыда білім саласында еңбек етіп келеді.

ТАЛҒАТ КАМАЛИДЕНОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:
— Осы салада жүріп өмірлік серігімді таптым. Ұстаздықтың да өз қиындықтары бар. Біріншіден, ұстанымдылық керек. Әр балаға бөлек жол таба білу керек. Дарынсыз бала жоқ. Ұстаз барлық еңбегін салса, икемі жоқ баланың жұлдызын жағуға болады. Ол – ұстаздың шеберлігі.

Бүгінде ұрпақ сабақтастығын қызы Аяжан Әнес те жалғастырып келеді. Ата-баба қанына сіңген қасиетті мамандыққа келгеніне ешөкінбейді.

Камалиденовтар жанұясы – еңбектің қадірін терең түсініп, ұрпаққа өнеге еткен, ұстаздық жолды ұлтқа қызмет ету деп білетін династия. Бұл отбасы адамзат алдындағы ең жауапты жұмыстың жүгін арқалау оңай емесін біледі.
———————————————