Оралда бірнеше тұрғын үй жылусыз қалуы мүмкін

Орал қаласында бірнеше тұрғын үй жылусыз қалуы мүмкін. Олар бұрынғы жатақханалар. Әлі күнге жуып-шаюдан, қысымдық тексерістен өтпеген, дайындық паспорттарын да алмаған. Ал санаулы күннен кейін жылу беру маусымы басталады.
Жадыра Ғайнуллина отбасымен жатақханаға таяуда көшіп келген. Аядай бөлмені көгілдір отын жағып жылытып отыр. Тамақ та соған піседі. Жазды күні байқалмады. Қазір үйіміз суып кетті дейді ол.

Жадыра Ғайнуллина, жатақхана тұрғыны:

— Жақында үй алған болатынбыз. Қазір салқын. Жылу жоқ. Балалар да жөтеліп, ауырып жүр. Өзіміз жұмыста болғасын таңертең кетеміз, кеште келеміз ғой.

Бір кездері жайнап тұрған жатақханалардың сыйқы қашқалы қашан. Жылдар бойы адам қолы тимегені көрініп тұр. Бұл жердің тұрғындары билік біздің жағдайымызды біледі. Бірақ осы уақытқа дейін жібі түзу бір жөндеу көрмедік дейді.

— Толық жөндеу керек. Бәрін ауыстыратын. Барлық жерде саңылау. Негізінен мен саяжайда тұрамын жаз бойы. Мұнда тек қыстауға ғана келемін.

— Айттық, хабарластық. Ештеңе істегілері келмейді. Ішке жөндеу жасалуы керек. Уәде береді, болды. Ақша жинап, өз күшімізбен жасап аламыз.

Бұл үйлерде басқару нысаны құрылмаған. Жылыту маусымы алдында арнайы сынақтан да өтпейді. Қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізеді. Алайда соңғылары белсендік танытпайтын көрінеді.

Ерген Сәлімов, ТҮКШ сектор меңгерушісінің м.а.
— Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, әр үйде басқару нысаны болуға тиіс. Тұрғындар үйлерін күтіп-ұстауға міндетті. Екі рет кездестік. Пәтер иелері тарапынан ешқандай корум жиналмауына байланысты басқару нысаны осы уақытқа дейін құрылмай тұр.

Ақболат Мұстажапұлы, ТІЛШІ:

— Енді санаулы күндерден кейін Орал қаласы бойынша барлық мекемеге жылу беру басталады. Алайда осындай 5-6 ғимарат, яғни бұрынғы жатақханалар жылуға қосылмайды. Себебі олардың бір де біреуінде ПИК құрылмаған. Жергілікті атқарушы орган оларды қыста жылусыз қалдырмаймыз. Бірақ мәселенің шешімін тұрғындар өздері шешуге міндетті дейді.

Ақболат Мұстажапұлы, Олег Писаренко
———————————————