Әлемнің әр түкпірінде табиғи апат жиіледі. Соңғы тәулікте бірнеше елде, ауа райының қолайсыздығынан қауіп күшейіп, біраз адам опат болды.
 Шетелдік басылымдардың мәліметінше, Эверестте тұрғындардың тіккен шатырын түгел қар басып қалған. Ақ бораннан ат құлағы көрінбейді. Бұл жағдай Тибет жақтың шығыс беткейінде шамамен 5 мың метр биіктікте болған. Қазір ол маңда құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Ауа райы әлі де қолайсыз. Дегенмен құтқару жұмыстарына кәсіби альпинистер тартылған. Әзірге адам өлімі туралы ақпарат жоқ.
Непалда табиғи апат болып жатыр. Мұнда толассыз жауған жаңбыр соңы сел мен тасқынға ұласып, 47 адам опат болды. Тағы тоғызы із-түзсіз жоғалып кеткен. Үйлер мен жолдар, көпірлер су астында қалды. Катмандуда өзен арнасынан асып, бөгет бұзылды. Тұрғындар дереу қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Жарық сөніп, байланыс үзілді. Апаттан құтқару мекемелері жергілікті жұртты сақтыққа шақырып жатыр.
Ал Қытайда «Матмо» тайфунының кесірінен төтенше жағдайдың төртінші деңгейі жарияланды. Хайнань аралынан 144 мың адам эвакуацияланды. Циклон орталығына жақын маңда желдің екпіні секундына 35 метрге дейін жеткен. Мамандардың болжауынша, қатты дауыл солтүстік-батыс бағытқа қарай сағатына 25-30 шақырым жылдамдықпен жылжып келеді. Алдағы уақытта ол күшейіп, секундына 48 метрге дейін жетуі мүмкін деген қауіп бар. Қазір Хайкоу және Вэньчан қалаларында мектеп уақытша жабылып, қоғамдық көлік пен әуе қатынасы тоқтатылды. Гуандун және Хайнань провинцияларына құтқару топтары жіберілді.
Әлемде алтын бағасы шарықтап барады. Бүгін оның бір унциясының құны 3 мың 930 долларға жақын. Ал америкалық алтын 3 мың 954 доллардан сатылып жатыр. Жалпы алғанда, жыл басынан бері сары металл 49 пайызға қымбаттаған. Сарапшылардың пікірінше, бұған Орталық банктің алтынды көптеп сатып алуы, алтынмен қамтамасыз етілген биржалық қорларға сұраныстың артуы, доллардың әлсіреуі, пайыздық мөлшерлемелердің өсуі және геосаяси шиеленістер себеп.
 Естеріңізге сала кетейік, жуырда ғана Қазақстанда алтынның бір граммының бағасы 68 мың 611 теңгеге жетіп, бұрын соңды болмаған рекордтық деңгейге көтерілген еді. Осыған байланысты біз сарапшының пікірін білген едік.
 Сарапшы:
 — Әңгіме алтынның бағасы не үшін өсуде деген сұрақ. Одан басқа алтынға альтернативті бола алатын инвестициялық құралдардың барлығында белгілі бір құбылмалық тым көп болып тұр. Сондықтан менің ойымша, инвесторлардың басым бөлігі қазір алтынға ауысқаны жөн деп санап отырмын. Алтынға деген сұраныс жақсы артқан. Көп елдердің орталық банктері, оның ішінде біздің Қазақстанда бар алтынды сатып алуда. Тек қана орталық банктер ғана емес, сонымен ірі инвестициялық банктер, хедж-фондтары болсын, белгілі бір жекелеген инвесторлар болсын барлығы қазір алтынның функциясында.
 ———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.