Абай облысында 340 адам жаңа мамандық иесі атанады

Абай облысында жыл соңына дейін 340 адам үш айлық курстан өтіп, жаңа мамандық иесі атанбақ. Қазірдің өзінде, олардың жүзге жуығы оқуын тәмамдап, еңбекке белсене кірісті. Қатарында ауыр техниканы игеріп, ерлермен бірге жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер де бар. Трактор мен кран жүргізушісі, слесарь-жөндеуші сынды кәсіптерді меңгерген арулар бүгінде бел жазбай еңбек етіп жүр. Олардың жаңа кәсіпті меңгеруге мүмкіндік беріп отырған мемлекетке алғысы шексіз. Әсіресе, республика күні қарсаңында жаңа мамандықтың иесі атанғандарына қуанады.
Айгүл Сағнаева қысқа мерзімді арнайы курстан өтіп, трактор тізгінін сенімді меңгерген. Қалбатау ауылында тұратын ана бүгінде ауыр жұмысты ер-азаматпен қатар еңсеріп жүр. Әкесі тракторшы болып, бала кезінен техникаға жақын болып өскен. Қазір ауылда, әсіресе шөп шабу науқанында тракторшы жетіспейді дейді. Сол себепті отбасы мен жұбайына қолқабыс ету үшін жүргізушілікті игеріп алған.

Айгүл Сағнаева, трактор жүргізушісі:
— Сол техникаға жақын болған соң күйеуге шыққаннан кейін енді күйеуімде де шаруашылық бар. Мен мансап орталығына барып, тіркеліп, жұмыссыз ретінде осындай оқуға түстім.

Ал Қарғыба ауылында тұратын шебер келіншек көлік жөндеу орталығында слесарь болып еңбек етуде. Қолына кілт пен балғаны алып, ауыр жұмыстан тайсалмайтын ару «еңбек – ерге де, әйелге де ортақ» деген қағиданы ұстанған. Ал темірдің тілін тапқан Әлия Балтабаева биіктен қорықса да, сол қорқынышын жеңу үшін кран жүргізуді таңдаған.

Әлия Балтабаева, кран жүргізушісі:

— Мен жұмыспен қамту орталығында үш айлық курстардан өтіп жатырмын. Неге бардым? Өйткені өзімді, биіктіктен қорқуымды жеңгім келді. Бұл аспалы кран, ал мен болашақта мұнаралы кранға да шығып көргім келеді. Басқа краншылардың жүктерді көтеріп, тасымалдағанын бақылаған маған ұнайды.

Өңірде жұмысшы мамандықтарына сұраныс жылдан жылға артып келеді. Әсіресе тракторшы, дәнекерлеуші, аспаз, тігінші секілді кәсіп иелерін дайындау басты назарда. Осы мақсатта еңбек мобильділігі және мансап орталықтары қала мен аудандарда халықпен тығыз жұмыс атқарып жатыр.

Айман Нұрлыбек, ЖҚӘБҮ басқармасының басшысы:

— Сұранысқа ие мамандықтар бойынша екі түрде оқытушылар жүргіземіз. Оның бірі жұмыс берушінің жұмыс орнында оқытатын болсақ. Екінші түрі ол оқыту орталықтарында ол колледждер және оқыту орталықтары. Сонымен қатар мына шалғай ауылда тұратын жұмыссыз азаматтарға жылжымалы оқыту орталықтары бар.

Мамандардың айтуынша, жұмыс берушілер курстан өткен азаматты міндетті түрде тұрақты жұмысқа орналастыруы тиіс. Ал оқуын аяқтап, жұмысқа шықпағандар мемлекеттен алған жәрдемақыны толық қайтаруға міндетті. Биылғы жоспар бойынша қысқа мерзімді оқумен 340 адам қамтылмақ. Қазірдің өзінде 240 азамат оқытылып, қалғаны жыл соңына дейін даярланады.

Динара Ерболкызы
———————————————