Алматы облысында ат әбзелдерін жасайтын шебер тұрады

Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын Қоңыр Бекдайырдың ат әбзелдері мен зергерлік бұйымдар жасап жүргеніне жарты ғасырға жуықтады. Ал оның жары киізден сырмақ басып, қазақтың ұлттық киімдерін тігеді. Ұл-қыздары мен келіндері, немерелері де өнерден кенде емес.

Қоңыр Егенұлы 1959 жылы Жамбыл ауданының Қастек ауылында дүниеге келген. Арғы атасы Бекдайыр темірден түйін түйген ұста болған деседі. Сондықтан бұл әулеттің ұлттық қолөнерді өмірінің мәніне айналдырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғауы тегін емес. Қолөнер шебері Алматыдағы суретшілер училищесінде оқып, кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алады.

Қоңыр Бекдайыр, қолөнер шебері:

— Менің осы қолөнермен айналысқаныма 46-47 жылдай болып қалды өзі. Жарты ғасыр ғой енді. Негізі әкеміз сондай қолөнермен айналысқан. Қиындық көрсек те, қара су мен қара нан жеп отырсақ та, өнерімізді тастамай, біз жұмысымызды істей бердік.

Қоңыр аға жары Анаргүл Нарботанова екеуі «Шебер жанұя» өндірістік цехын ашып, заманнан заманға, ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан осынау киелі өнерді ұлықтап, ұл-қыздарына үйретуді алдарына мақсат етіп қойды. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде солардан тараған сегіз немересі бар.

Анаргүл Нарботанова, Қоңыр Бекдайырдың жары:

— Міне, 45 жыл отау құрыптық. Отау құрып, осындай дәрежеге жеттік. Балаларымыздың бәрі өнерлі болды. Әкем ұста болған. Ал анам кестеден өте шебер кісі болған екен.

Бұл отбасында өскен балалардың өмірі шеберханада өтті деуге болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, барлығы осы күні ұлттық қолөнермен кәсіби түрде айналысады. Қоңыр ағаның ортаншы ұлы Бақытжанның қолынан шыққан ертоқымдардың құны 1,5 млн теңге дейін барады.

Бақытжан Қоңырұлы, Қоңыр Бекдайырдың ұлы:
— Ата-анамның өсиеті әрқашан «Өнер түбі – жеміс» дейді бізге. Соны айтады көбінесе. «Өзіңнен ары қарай ұрпақтарға жалғастыра бер» дейді. Қандай өнер жолы қиын болса да, ол бір жемісін береді.

Бекдайыр әулетінің қыз-келіндері сырмақ басып, киізден қазақтың ұлттық киімдерін әзірлейді. Ал немерелерінің алды қыштан құмыра жасауға әуестеніп жүр. Өйткені қазір әлемнің көптеген елдерінде киізден жасалған киімдер мен ұлттық қолөнер бұйымдарына деген деген сұраныс өте жоғары. Шебердің өмірлік ұстанымы – ата-бабадан жеткен дәстүрді қастерлеп, киелі өнерді ел игілігіне жарату. «Ұлттық қолөнер – баюдың амалы емес. Бұл жолда тек жүрегі таза, ісіне адал адамдар ғана қала алады. Өйткені өнер жолы –төзім мен шындықтың, адалдық пен еңбектің жолы», – деді Қоңыр Бекдайыр.

Айдар Заманбек, Ерасыл Жомарт
———————————————