Қостанай облысының шаруалары осылай деп дабыл қағып отыр. Әсіресе, Алтынсарин ауылы маңында судың деңгейі 40 сантиметрге төмендеп кеткен. Бұрын ондағы су тереңдігі 2 метрге жететін.
Қостанайлық шаруа Ербол Есенболовтың айутынша, мына жерде бұрын топырақ үйіндісі болған. Алайда биыл көктемгі тасқын кезінде оны су шайып кеткен. Салдарынан өңірде суармалы егіншілікті дамыту айтарлықтай қиындады.
Ербол Есенболов. шаруа қожалығы басшысының көмекшісі:
— Соңғы уақытта Тобыл қатты таяздап кетті. Мәселен, бұрын біз су алатын жердегі тереңдік 1,5-2 метр болатын. Ал қазір тек 30 сантиметр ғана. Сағаларды айтпағанда Алтынсарин ауылынан бастап, Красный партизанға дейінгі аралықта жағдай осындай.
Ризығын жерден теретін шаруалар бұл топырақ үйіндісін осы уақытқа дейін бөгет ретінде пайдаланған. Яғни, ол жиналған суды ұстап тұратын. Ал қазір суармалы егіншілікке бет бұрғандар тіршілік нәрінен таршылық көруде. Себебі, адам бойламайтын терең өзен сағаларының түбі көрініп, суы сирақтан аспай тұр.
Виктор Мұхамеджанов. ТР басқармасы басшысының орынбасары:
— Сұрақты шешудің алғашқы жолы — бөгетті қайта қалпына келтіру. Бірақ ол үшін «ҚазАвтоЖол» компаниясын тарту қажет. Екінші нұсқа – негізгі арнадан суды арнайы құрылғымен сорғыту. Бұл әрине қымбат жоба. Яғни, құжаттарды дайындап, сараптама тағайындау керек. Бірнеше органның келісімін алу тағы бар. Бұл бір жылда бітетін шаруа емес.
Айта кету керек, мәселе тек фермерлерді ғана емес, өзен бойында орналасқан ірі бау-бақша серіктестігі өкілдерін де алаңдатып отыр. Сарапшылардың айтуынша, олар да болашақта су тапшылығын сезінуі мүмкін. Биыл жазда өңірде жауын көп жауды. Ал келер жылы жағдай қалай болары белгісіз.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.