Қазақстандықтар зейнетақы жинағын тіс емдеуге жұмсай алмайды

Қазақстандықтар зейнетақы жинағындағы артық қаражатты тіс емдеуге жұмсай алмайды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімді қайта қарауға ниетті емес. Тиісті құжат қазір ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында талқыланып жатыр. Пікір қалдырған жұрттың бәрі бұл өзгеріске қарсы. Министр көпшіліктің пікірін ескереміз, бірақ шешімді өзгертпейміз деп тас бекініп отыр.
Алаяқтардың кесірінен шын мұқтаждар тісін емдете алмай отыр. Стоматологиялық клиникалар арқылы миллиардтар заңсыз шығарылғаннан кейін тұрғындарға зейнетақы жинағындағы артылған ақшаны бұл мақсатта жұмсауға тыйым салынды. Министр Ақмарал Әлназарова халықтың қарсылығына қарамастан, зейнетақы ақшасын пайдалануға болатын қызметтер тізімінен тіс емдетуді алып тастамақ.
Ақмарал Әлназарова, денсаулық сақтау министрі:
— Бұл азаматтарымыздың зейнетақы жинақтары екенін түсіну керек. Егер алаяқ топтар жалған стоматологиялық клиникалар арқылы 220 миллиард теңгені заңсыз шығарса, бұл мәселе тек Денсаулық сақтау министрлігіне ғана емес, барлығымызға ой салуы тиіс. Халық ертеңін ойламай, жинағын жұмсап жатыр.
Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйені тазалауға кіріскен. Соңғы айларда автоматтандырудың арқасында емханалардағы жалған тіркеулер саны 17 есе азайған.
Айдын Құлсейітов, ӘМСҚ басқарма төрағасы:
— Бұрын қызметтердің жартысы қолмен тіркелсе, қазір 97 пайызы жүйе арқылы анықталады. Соның арқасында заңбұзушылықтар екі есеге, ал жалған көрсетілген қызметтер 17 есеге қысқарды. Қазір машина анықтайтындықтан, дәрігермен келісіп алу деген ұғым болмай қалды.
Мұның бәрі денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мен ашық ету мақсатындағы реформа аясында жүріп жатыр. Үкімет міндетті медициналық сақтандыруды түбегейлі жаңартуға кіріскен. Енді 2026 жылдан бастап аз қамтылған азаматтар жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қосылады. Премьер-министр Олжас Бектенов министрлікке жаңа стандарттар мен ережелер әзірлеуді тапсырды. Балаларға, зейнеткерлерге, мүгедектер мен азаматтардың басқа да жеңілдікті санаттарына медициналық көмек көрсету тәртібі мен көлемі өзгеріссіз қалуы тиіс, деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:
— Министрлік медициналық көмек көрсету стандарттары мен ережелерін қайта қарауы керек. Емделушілер үшін бәрін оңтайландырып, барынша жеңілдету керек. Медициналық көмекті қолжетімді, тұрақты әрі азаматтардың талаптарына сай ету үшін денсаулық сақтау жүйесінде үйлесімді және шұғыл шаралар қабылдануға тиіс.
Биыл денсаулық сақтау саласына 3 триллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 655 жаңа нысан салынып жатыр, оның есебінен ауылдағы 1 миллионнан астам тұрғын алғашқы медициналық көмекке қол жеткізеді.
———————————————