Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылының халқы бірнеше жылдан бері шаңға көміліп отыр. Тұрғындардың айтуынша, елді мекеннің іргесіндегі қиыршық тас өндіретін карьерлер экологиялық талаптарды сақтамайды. Салдарынан тұрғын үйлердің терезелері сынып, іргетастары сөгіле бастаған.
Шетпе ауылының тұрғындары карьерлердің кесірінен зардап шегіп отырғанын айтады. Тауды жарып қиыршық тас өндіретін кәсіп иелері ауыл маңында тұратын халықтың жағдайын ескеріп отырған жоқ, — дейді. Тұрғындар үйлерінің терезелері шытынап, қабырғалары жарылып жатқанын айтады.
Сәрсенбек Қуанбаев, Шетпе ауылының тұрғыны:
— Тау жарылған кезде халыққа әдемі әсер етіп тұр. Үйлерімізге білдіріп тұр. Жер сілкінгендей болып тұр. Үйлері жарылып жатыр. Аудан әкімі де көрді ғой. Тонада менің көршім Нұржан деген жігіттің үйін барып қарады. Үйін темірмен құрсап қойды мысалы. Ондай үйлер көп. Менің үйім де жарылып тұр.
Тұрғындардың айтуынша, қиыршық тас тиеген жүк көліктері де ауыл ішімен өтеді. Бұл да карьерден көтерілген тозаңды одан сайын үдетіп отыр. Сондықтан көліктердің басқа жолмен айналып өтуін сұрайды. Ал аудан әкімінің орынбасары тұрғындардың шағымы негізінде арнайы зерттеу жүргізілетінін айтты. Жарылыс күшін анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылған. Жеңімпаз анықталса, осы айда іске кіріспек.
Маралбек Сейілов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:
— Зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жақын карьерден әртүрлі тротильде өзінің жаратын жарылыс құралдарымен жарады. Сосын жақын орналасқан үйге аппаратын сол жерге өлшем құралдарын қояды. Ары қарай Алматыда лабораторияда сейсмологиялық қорытынды береді. Бұл қорытынды егер карьердің кінәсі болса, зардап шеккен карьерден үйлерге, ғимараттарға ол жауабын береді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, осы маңда қиыршық тас өндіретін 25 карьер бар. Осы карьер иелеріне тиісті талапты қайта орындау туралы ескерту жөнелтілген. Егер міндет 30 қазанға дейін орындалмаса, лицензиялары тоқтатылмақ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.