Атырауда дәнекерлеуді кәсіп еткен келіншек тұрады

Еңбегі ерлерге үлгі болған қыз-келіншек аз емес. Қара күшті қажет ететін ауыр жұмыстан сескенбейтін бұрымдының бірі атыраулық Мейрамгүл Айдаралиева. Ол әке жолын қуып, дәнекерлеуші мамандығын жетік меңгерген. Бүгінде ерлермен иық тіресе ауыр қызметте қажырлы еңбек етіп жүр.
Дәнекерлеу — білікті маманның ғана қолынан келетін іс. Мейрамгүл Айдарәлиеваның әр күні осылай басталады. Машақаты көп ауыр саланы таңдаған жан темірдің тілін беске біледі. Күннің ыстық-суығына қарамай, темір қайнату асқан төзімділікті қажет етеді, — дейді ол.

Мейрамгүл Айдарәлиева, дәнекерлеуші:
— Таңнан осындамыз. Үлкен техникалармен жұмыс істейміз. Екі қолға күш түседі. Кешке дейін аяқта жүресің. Үйреніп кеттім өз басым. Дәнекерлеуші мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Әкем 35 жылдан бері осы салада дәнекерлеуші болды. Әкем қайтқан соң, сол кісінің жолын ары қарай жалғастырдым. Мақтан тұтамын.

Осылайша, кейіпкеріміз әке жолын қуып дәнекерлеуші атанған. Ол мынадай алып магистральдарды иненің көзіндей саңылау қалдырмай жалғауға машықтанған. Ерге бергісіз осындай ерең еңбегін ұжымдастары жоғары бағалайды.
Жасұлан Бақтығалиев, әріптесі:
— Жалғыз қыз бала дәнекерлеуші. Ер адамдардың арасында жалғыз гүл. Өте батыл, қарапайымдылығымен, пысықтығымыен, алғырлығымен жұмыс істеп келеді. Оның үстіне киетін киімнің өзі өте қалың. Мира жұмысқа шықпай қалса қиын, өйткені жұмысқа қабылданатын дәнекерлеушінің барлығы сол кісінің қолынан өтеді.

Түзде темір дәнекерлеген нәзік жан отбасында ұл мен қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Қазақ аруына тән қайсар мінез иесі кәсіби біліктілігін шыңдаудан шаршамайды.
Мейрамгүл Айдарәлиева, дәнекерлеуші:
— Өз мамандығым өзіме ұнайды. Осы мамандықтың арқасында жолдасымды жолықтырдым. Тұрмысқа шықтым. Екі балам бар. Басында қиындықтар болды. Өйткені ер адаммен жұмыс жасау қиын. Үйреніп кеттім.

Еңбек — бәрін жеңбек. Дәл осы қағиданы берік ұстанған атыраулық келіншек кәсібінің нағыз майталманы атанып үлгерген.
———————————————