Түркістан облысында мүгедек жігітті зорлаған туыстарына сот үкім шығарды

Түркістан облысында күллі елді дүрліктірген қылмыс бойынша іске нүкте қойылды. 24 жастағы мүгедек жігітті зорлаған туыстарына сот үкім кесті. Енді бір үйдің үш баласы түрмеде отырады.
Гүлдана Сейдрасул, тілші:
— Бауырын зорлап келген бір үйдің үш баласына бүгін Келес ауданының соты үкім шығарды. Төрт айға созылған сот процесінің нәтижесінде үш күдікті қылмыстық кодекстің 121-бабымен кінәлі деп танылды. Тергеу материалдарына сәйкес, 1998, 2003 және 2005 жылы туған үш ер адам өздерінің туысын бірнеше жыл бойы зорлаған.

Жәбірленушінің анасы сұмдық жайт туралы биыл ақпан айында білген. Айтуынша, ұлының психикалық дамуы 3-4 жастағы бала деңгейінде, сондықтан ол болған оқиғаны кешігіп жеткізген. Бүгін сот үкімімен ағайындылардың әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қанат Әбубәкір, судья:
— 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылсын. Күзетпеу ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылып, үкім заңды күшіне енгенге дейінгі күзетпен ұстауда болған уақыты – қауіпсіздігі орташа мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір күні үшін бір жарым күн есебімен жаза мерзімі есебіне жатқызылсын.
Дегенмен жәбірленушінің жақындары сот үкімімен келіспейді. Олар айыпталушыларға тағайындалған жаза жеңіл деп отыр.
Жәбірленушінің анасы:
— Жылы аз деп ойлаймын, келіспеймін. Біз де аппеляцияға береміз. Негізі 12 жылдан сұраған еді. Бір үйдің үш баласы зорлап келген.
Күдікті ағайындылардың адвокаты да сот үкімімен келіспейтінін, аппеляцияға жүгінетінін айтты. Сөзінше, сотталушылардың кінәсі дәлелін таппаған.
Гүлдана Сейдрасул, ТІЛШІ:
— Сондай-ақ сотталушылар жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
———————————————