Автосалонға алданып қалған бір топ азамат соттан қолдау сұрайды

Қызылордада жалған автосалонға алданып, көліктерінен айырылған ондаған азамат бүгін кассациялық сотқа жүгінді. Бір жылдан бері әділдік іздеген жәбірленушілердің шағымы ішінара қанағаттандырылды. Сот қаулысына сәйкес, даулы автокөліктер үшінші тұлғалардан алынып, арнайы айып тұрағына қойылады. Енді бұл іс әрі қарай азаматтық сотта қаралады. Онда мүлікті сату туралы келісімшарттардың заңдылығы тексерілмек.
Еске сала кетейік, жәбірленушілер көліктерін белгілі бір автосалонға тапсырып, оны сату бойынша келісім жасаған. Алайда, алыпсатарлар азаматтардың сеніміне кіріп, темір тұлпарларды үшінші тұлғаларға сатып жіберген. Осылайша, біраз адам көлігінен де, ақшасынынан да қағылып, сан соғып қалған.
Руслан Мұсабаев, жәбірленуші:
— Бір топ адам болып Қызылорда қаласынан келіп тұрмыз. Бірінші сатыдағы Қызылорда соты әділ шешім қабылдаған. Облыстық сот жәбірленуші болып жатқан біздің мүддемізді бұзып тастап отыр. Біздің қылмыстық жолмен алып қойған көлігімізді үшінші тарапқа беріп тастап жатыр.
Нұрсұлтан Орынбеков, қорғаушы:
— Бұл жерде тек көліктің тағдыры емес, адамның, баланың тағдыры тұр. Себебі осы жерде тұрған менің клиенттерімнің бірі машинаны баласының еміне шетелге бару үшін сатуға келіскен, шетелге барып, емделу керек болған, өкінішке орай сот процесі жалғасқан уақытқа дейін ерекше бала емге зәру болып отыр. Мүлік иелеріне жәбірленуші ретінде мүліктер қайтарылып, екінші ортада делдал болып алған адамдар, үшінші қолға өткен көлік иелері азаматтық тұрғыда қарастыру керек.
———————————————