Құрылыс саласында қоғамдық бақылау күшейеді

Бүгін Мәжіліс депутаттары Құрылыс кодексі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Елімізде құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер және құрылыс материалдары бойынша техникалық комитеттер жасақталмақ. Жаңа құжатта мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Енді елді мекендердің бас жоспары және оларға енгізілетін өзгерістер міндетті түрде тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың талқылауына ұсынылады. Бұл нормалар халықтың пікірін ескеруге мүмкіндік бермек. Жаңа Құрылыс кодексінде Техникалық нормалау ұлттық институтын құру қарастырылған. Жаңа мекеме құрылыс саласындағы техникалық талаптарды әзірлеу, енгізу және қолдау орталығына айналады.

Ерсайын Нағаспаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Құрылыс, сәулет, инженерлік жүйелер, құрылыс материалдары сияқты бағыттар бойынша арнайы техникалық комитеттер құру көзделуде. Бұл комитеттерге кәсіби мамандар, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысады. Осылайша, нормалау жүйесінің дамуына барлық мүдделі тараптар тартылып, құрылыс саласына заманауи, икемді және ашық техникалық реттеу жүйесі енгізіледі.

Құрылыс сапасына қойылатын талап та күшеймек. Құжатта мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру мәселесі қарастырылған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйлер мен нысандарға берілетін кепілдік мерзімі 2 жылдан аспайды. Жобада бұл мерзімді 5 жылға дейін ұзарту ұсынылып отыр. Алайда Мәжіліс депутататтары бұл жеткіліксіз деп санайды.
Мархабат Жайымбетов, Мәжіліс депутаты:
— Сондықтан біз бір топ депутат ұсыныс жасаған болатынбыз. Фундамент, шатыр, фасад 10 жыл болу керек кем дегенде. Ал қалған элементтер 5 жыл болсын деп.
Ерсайын Нағаспаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Құрылыс компанияларының жауапкершілігн күшейту үшін кепілдік мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды ұысынып отырмыз. Іргетасына қатысты 10 жылдық кепілдік беруді қарастырып жатырмыз.

Президент Қысам- Жомарт Тоқаев құрылыс саласын цифрландыруды тапсырды. Осы ретте Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірлеу көзделген. Құрылыс саласындағы барлық қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылмақ. Бұл бастама қызмет көрсетуді жеделдетіп, ашықтық пен тиімділікті арттырады.
———————————————