Солтүстік Қазақстан облысында үй құсы қырылып, шығынға батқан тұрғындарға өтемақы төленетін болды. Әзір оның механизмі қарастырылып жатыр. Тұрғындармен кездескен жергілікті билік өкілдері осылай деп мәлімдеді. Ол үшін орташа баға белгіленеді. Қыркүйек айының 20-нан бастап Қызылжар ауданына қарасты Бугровое ауылында қанаттылар жаппай қырыла бастағанын айтқан болатынбыз. Тұрғындардың сөзінше, бүгінге дейін мұнда шамамен төрт мыңға жуық қаз және тауық өлген. Өлексе өртеліп, қора-қопсы залалсыздандырылып жатыр. Ал сынама құстың пастереллёзден қырылғанын көрсетті.
Бейбіт Исманов, Қызылжар ауданының әкімі:
— Өтемақы төленеді. Тек бюджет есебінен емес. Оны малға қажетті жем-азық ретінде де беруіміз мүмкін. Ол үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері көмектеседі. Кейбіріне ақшалай төлейміз. Округ әкімі және ветеринарлармен бірлесіп, өлген құс бойынша акт жасау қажет. Жалпы болашақта бұл іске қоғам өкілдері тартылатын болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.