Алматы облысының Балқаш ауданында 12 мың тонна күріш жиналды

Алайда өткен аптада болған жауын-шашын мен күріш алқаптарына мал кіріп кетуі шаруаларға біршама кедергі келтірді. Шаруалар енді қалған өнімді уақытылы алып үлгермей қаламыз ба деп қорқады.

Балқаш ауданында 7700 гектар алқапқа күріш егілді. Мұнда күріш өсірумен айналысатын 34 қожалық бар. Олар бүгінде егіс алқаптарының 60 пайызын орып бітті. Диқандар әр гектардан орта есеппен 42 центнерден өнім алып жатыр. Дегенмен ауа райының жауын-шашынды болуы ауыл еңбеккерлері мен күзгі жиын терімге жұмылдырылған техниканың жұмысын біршама тұсады.

Әбіш Бірлікбаев, шаруашылық бригадирі:
— Өткенде жаңбыр көп кедергі келтірді. Бір екі-үш күндей уақытымызды ұстап қалды кішкене кебіңкіремей, орып қойған неміз уақытында кеппеді. Кішкене кешігіңкіреп қалдық.
«Егістікке мал кіріп, күрішті жеп кетіп жатыр. Сол себепті оны күріш толық бастырылып біткенше қоруға тура келеді», – дейді шаруалар. Балқаш ауданы бойынша биыл жалпы аумағы 28 мың гектар суармалы алқап игерілген.

Азат Құтпанбетов, Балқаш ауданының әкімі:
— Бүгінгі таңда күріш ору науқаны қарқынды жүруде. Қазіргі кезде 4500 га жер орылып, 3000 га жер бастырылды. Бүгінгі күнге 12 мың тонна күріш өнімі жиналды.

Балқаш ауданына жазғы және күзгі жиын-терім үшін жеңілдетілген бағамен 143 тонна дизель отыны бөлінген. Биыл күріш алқаптарына су молынан жетті. Жаз бойы Қапшағай су қоймасынан Іле өзеніне секундына 750 текше метр су жіберілді.
———————————————