БҚО-да «Қаладан ауылға» жобасымен 149 отбасы ауылға қоныс аударды

Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Мақсат — азаматтардың ауылға көшуін ынталандыру, жұмыс күші тапшылығын жою және ауылдық жерлерді дамыту. Өткен жылы 104 отбасы ауылға қоныс аударса, биыл тағы да 120 жанұя болашағын ауылмен байланыстырмақ. Осы өңірден Ақболат Мұстажапұлы айтып берсін. Жобаның басты мақсаты – қоныс аударушыларды жұмыспен қамту, кәсіп ашуға мүмкіндік беру. Бұл ауылдың көркеюіне жол ашпақ. Басымдық, көпбалалы отбасыларға, жұмыссыз жүрген жастарға, ауылға қажетті мамандық иелеріне беріледі.
Сәуле Рушанова, жобаға қатысушы:
— Оралдан қоныс аударып, Оразғали ауылына көшіп келіп жатырмыз. Ауылымыз жақсы. Үй беріп жатыр.
Биыл қоныс аударушыларды қабылдайтын елдімекен тізімі 96-ға жеткізілді. Осы уақытқа дейін көшіп барған отбасылардың барлығы баспанамен қамтылды.
Әсемжан Тасқали, жобаға қатысушы:
— Қаладан ауылға бағдарламасы аясында ауылдық жерден баспана алу – біз үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа өмірге бастаған қадам болды.
Әсіресе, шалғайда, шекараға іргелес аумақтарда орналасқан ауылдарға басымдық беріледі, — дейді мамандар.

Райса Еркеғалиева, СЭКД басқармасының бөлім басшысы:
— Ал шекара маңындағы ауылдарды дамытатын болсақ, олардағы тұрғындардың кетуін тежеу, ол жерлердегі демографиялық өсімді қамтамасыз ету, тұрғындардың санын көбейту мәселесі өзекті болып қала береді. Сондықтан да Қаладан ауылға жобасы жалғасын табуға тиіс деп есептейміз.

Жобада Орал, Ақсай қалалары тұрғындарының ауылға қоныс аударуына мүмкіндік берілген. Алайда Жайық жерінде басталған жоба аясында қазіргі күні Ақтөбе, Тараз, Қостанай және Қызылорда облыстарынан да көшіп келген отбасылар бар. Бағдарлама басталғалы 161 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 8 адам «Ауыл аманаты» арқылы кәсіп ашқан.
———————————————