Жүргізушілер көлігінің мықтылығын көрсетіп, ақы төлемеудің айласын қарастырып жатқанда, алаяқтар көлік иелерін құрыққа түсіруге кірісті. Электронды пошта немесе түрлі мессенджер арқылы жол ережесін бұзғаны туралы жалған хабарлама жөнелтіп жатыр. Онда қожайынның аты-жөні, темір тұлпардың мемлекеттік нөмірі және «айыппұлды төлеуге» арналған сілтеме бар. Бірақ бұған сеніп оны басуға әсте болмайды. Әрі қарай банк картасының деректері сұралады. Міне, бар гәп осы арада жатыр. Бұл деректі білсе, алаяқ әп-сәтте ақшаңызды үптеп кетуі мүмкін.
Әнес Қалдыбаев, КҚК басқармасының бастығы:
— Бұл алаяқтық тәсіл АҚШ пен Ресейде бұрыннан қолданылып жүр. Қазір Қазақстанда да таралу қаупі бар. Айыппұл туралы ресми хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келеді. Айыппұлдарды egov.kz, qamqor.gov.kz порталдарынан немесе банктердің ресми мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады. Ал егер карта деректерін көрсетіп қойған жағдайда, азаматтарға дереу картаны бұғаттау үшін банкке және полицияға хабарласу керек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.