Душанбеде осы сәтте «Орталық Азия – Ресей» екінші саммиті өтіп жатыр. Басқосуға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысуда. Мемлекет басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның шақыртуымен сапарға барды.
Ресми Душанбе бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей басшыларын қабылдап жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұшағы Душанбе әуежайына түсте қонды. Президентті Тәжікстан үкіметінің басшысы Кохир Расулзода мен ресми делегация қарсы алды.
Мемлекет басшысы ұшақтан түсе сала үкіметтік резиденцияға барды. Онда Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Екі жақ Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға бейіл екендерін растады. Тараптар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асырудың маңызына тоқталды.
Сондай-ақ екі президент өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға «Орталық Азия – Ресей» саммитін табысты өткізуге тілектестік білдірді. Ертең біздің Президент ТМД мемлекеттер басшыларының кеңесі отырысына қатысады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.