Ауру – астан. Балаларға зиянды, ультра өңделген өнімдерді сатуды шектеу қажет! Елімізде зиянды тағамдардан балалар семіздікке ұшырап, түрлі ауруға шалдығады. Осылай деп дабыл қаққан Мәжіліс депутаты, Премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдады. Онда бірқатар елдің халықаралық тәжірибесі мысалға келтірілген. Ұрпақ денсаулығын сақтау үшін жасалуға тиіс іс шаралар тізбегі бар. Елімізде жағдай алаңдатарлық. Артық салмақ қосқан бала саны жыл санап артып келеді. 2024 жылы бұл диагноз 9 мыңнан аса адамға қойылса, олардың 27 пайызы – 14 жасқа дейінгі бала. Бұған басты себеп — балалар арасында ультра өңделген тағам өнімдерін шектен тыс тұтыну дейді депутат.
Нұрсұлтан Байтілесов, Мәжіліс депутаты:
— Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының зерттеулеріне сәйкес, еліміздегі әр бесінші бала артық салмаққа ие. Сарапшылар бұған басты себеп ретінде теңгерімсіз тамақтану мен физикалық белсенділіктің төмендігін атауда. Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – құрамында рафинадталған қант, тұз, трансмайлар, хош иістендіргіштер мен дәм күшейткіштер бар ультра өңделген өнімдердің кеңінен әрі бақылаусыз қолжетімді болуы.
Биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектепте жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Дұрыс тамақтануға қойылатын талап бойынша балалардың ас мәзірінде тұз 5 есеге, қант 3,5 есеге азайтылды. Оның сыртында міндетті түрде сүт және сүт өнімдері, көкөніс беру енгізілген. Дегенмен балалардың түрлі фасфуд, қанты көп сусын мен тәттіні тұтынуы азаймай отыр.
Әлия Қалдыбай, қазақ тағамтану академиясының маманы:
— Бұл 21 ғасырдың жаһандық эпидемиясы деп аталып жүр. Қазақстан да бұл мәселеден тыс емес. Бүгінде елімізде 6 және 9 жас аралығындағы әрбір 5-бала артық салмаққа немесе семіздікке шалдыққан. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, 2035 жылға қарай артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдер саны 1,9 миллионнан асып кетуі мүмкін.
Әдетте зиянды өнім арзан әрі кез келген дүкеннен табылады. Оны жеген бала аса құмартып, дәміне тәуелді болып қалады. Оның соңы созылмалы ауруларға себеп болады, — дейді мамандар. Бірақ ультра өңделген өнімді өндіруші рұқсат етсе, кез келген дүкенде сатуға кедергі жоқ. Ал санитарлық сала мамандары сауда орындарын жайдан жай тексере алмайды. Алда жалда, біреу-міреу уланып, шағым түсірсе, сол ғана сылтауға алынады. Заңнамадағы тәртіп солай. Депутаттың сауалы да осы кесапаттың алдын алуға бағытталған.
Айзат Тұрғынбекқызы, тілші:
— Осыған байланысты, Мәжіліс депутаты біраз ұсыныс айтып отыр. Оның пікірінше, денсаулыққа зияны бар өнімді балалар мен ата-аналарға түсінікті таңбамен белгілеу қажет. Ультра өңделген өнімдерді мектептерде, буфеттерде және вендинг автоматтарында сатуға тыйым салған дұрыс. Ал салауатты өнім өндірушілерді салықтық жеңілдіктермен ынталандырып, зиянды өнімдердің жарнамасына шектеу қою керек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.