Тереңқара өзенінің аңғары заңсыз қоқыс полигонына айналған

Алматы облысындағы Тереңқара өзенінің аңғары бірнеше жылдан бері заңсыз қоқыс тастайтын полигонға айналған. Іле ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылының тұрғындары осы жағдайды айтып, жергілікті әкімдік пен құзырлы органдарға шағымданған. Прокурорлық тексеріс нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды.
Тереңқара өзенінің жағалауындағы бұл жер телімі 20 жыл бұрын жекеменшікке берілген. Одан кейін де бірнеше рет сатылып, қожайыны жиі ауысты. Негізі мұнда өндірістік нысан салынуы керек еді. Алайда жер иесі өзен аңғарына дейінгі үлкен сайды тұрмыстық қатты қалдықтармен толтырып, үстін топырақпен тегістеймін деп, жағалауды адам көргісіз күйге түсірген.
Ксения Шипилова, Ардагер ауылының тұрғыны:
— Мен Ардагер ауылында тұрамын. Үйіміз осы өзеннің жағасында орналасқан. Жаздың күні қоқысты өртеп жіберетіндіктен, көңірсіген иіс қолқаны қабады.

Алматы облыстық экология департаменті мен Іле аудандық прокуратурасының қызметкерлері жүргізген тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды.

Бауыржан Төлендинов, Іле ауданының прокуроры:
— Аталған факті бойынша экологиялық талаптарды, заңнамасын бұзғаны үшін жер иесі ҚР әкімшілік кодексінің 336 және 340-баптарымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек аудан прокуратурасы сотқа арыз жіберіп, осы жер иесі Тереңқара өзенінің аумағын және жер телімін қоқыстан босатуға міндеттелді.

Максим Логинов, құрылыс компаниясының құрылтайшысы:
— Мына жақта су суық. Сол үшін адамдарды ауыстыру керек. Жартысы жылынады, жартысы жұмыс істейді. Одан бөлек, бізде үш эксковатор жұмыс істеген.
Құрылыс компаниясының құрылтайшысы бұл жерді қоқыстан тазарту жұмыстарының 21 күн бұрын басталғанын айтты.
Жалпы осы өзеннің төменгі сағасында Алматы қаласы мен облыс тұрғындары көптеп баратын бірнеше демалыс орны орналасқан.
———————————————