Яғни, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуға жәрдемдесіп жүрген кәсіп иелеріне алғыс айтатын мереке.
Сәлемдеме тарату, хат тасу, газет-журнал жеткізу. Бүгінгі таңда бұл жұмыс ескіліктің қалдығы секілді көрінуі мүмкін. Бірақ қазіргі тілмен айтқанда курьердің қызметін осы пошташылар атқарады, десек те болады. Міне, Келес ауданына қарасты Бешқұр елді мекеніндегі пошта бөлімінде бүгін де жұмыс қызу.
Айман Аманованың бұл салада жұмыс істеп жатқанына 17 жыл. Оның 15 жылында хат тасушы болып еңбек еткен. Жақында бөлім меңгерушісі қызметіне көтерілді. Сонда да кейбір хаттарды өзі жеткізгенді жақсы көреді. Күн сайын бірнеше шақырым жүреді. Бүгін де ескі әдетімен сәлемдеме таратуға кірісті.
Айман Аманова, Бешқұр пошта бөлімінің меңгерушісі:
— Компьютермен жұмыс жасағанды, хаттарды компьютерге тіркеп, журналға біртіндеп жаздыртып, адамдарға апарып бергізу. Әсіресе дүйсенбі күн ауыр болады, демалыс болғаннан кейін көп хаттар келеді. Шаршағым келмейді, істеген сайын қызығамын жұмысыма. Жұмыстан шыққым келмейді, демалыс алсам да келіп өзім отыра бергім келеді. Негізі өз жұмысым өзіме өте ұнайды, сол үшін де осында істегенді қалаймын.
Бұл мекемеде үш адам жұмыс істейді. Соның бірі — Мінәй Түктібаева. Цифрлы жүйе дамығанымен, пошта әлі де адамдар арасындағы байланыстың бір бөлігі, — дейді ол.
Мінәй Түктібаева, пошта қызметкері:
— Келген хаттарды таратып отырамыз. Бір күнде 65-85 хатқа дейін келеді. Солардың бәрін компьютерге енгізіп, қолма-қол тапсырып отырамыз. ЖСН арқылы ғой, ең қиыны бізде ЖСН алу. Телефон нөмірлері дұрыс түспей қалады, сол жағынан кішкене қиналамыз.
Таңның атысымен жолға шығатын пошташылар үшін әр күн — жаңа жауапкершілік. Өйткені хат-хабар, газет-журнал, сәлемдеме мен төлемдерді тұрғындарға уақытылы жеткізу керек.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.