Әлемге әйгілі мега жұлдыз – Дженнифер Лопес Алматыдағы концерт кезінде кеудесіне жабысқан шегірткені тікұшаққа теңеді. Ол бұл қызықты оқиғамен Джимми Фэллон жүргізетін «The Tonight Show» бағдарламасында бөлісті.
Бұл бейнекөрініс жалпақ жұртқа таныс. Оны бір көрермен телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан. Дженнифердің айтуынша, алғашында ол бұл жағдайға аса мән бермеген. Жарыққа ұшып-қонып жүрген жәндік шығар деп ойлаған. Бірақ мойын тұсына жеткенде жыбырды сезіп, сабырлықпен сырғытып жібереді. Осылайша әнін аяқтап, елдің қошеметіне бөленеді. Әнші осының бәрін шоу-бағдарлама жүргізушісіне әсерлі етіп айтып берген.
Дженнифер Лопес, әнші:
— Алғашында бірдене түрткендей болды. Мән бермедім. Бірақ жоғары өрмелей бастағанда оның аяқтарын сездім. Не болса да әнді соңына дейін орындауым керек болды. Кейін денемнен сырғытып жібергенде ол прожектордың жарығымен маған тікұшақтай үлкен болып көрінді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.