ТМД – жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі отырысында осылай мәлімдеді. Достастықтың 35 жылдығы қарсаңында Президент елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және Ұйым қызметін ілгерілетуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Бұл саммит Қазақстанда халықаралық беделді ұйым саналатын ТМД жұмысына үлкен серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Соңғы бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш Ұйымның сауда-экономикалық әлеуетін танытады және әлі де мүмкіндіктердің бар екенін байқатады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қажетті институттық және құқықтық базамыз бар. Өзара тиімді талаптарға сай қызмет көрсету нарықтарына тікелей әрі кедергісіз қолжетімділікті кеңейтуге, бірлескен өндірістерді іске қосуға, негізгі салалардағы кооперациялық байланыстарды күшейтуге баса мән беру керек деп санаймыз.
Ресей — Қазақстанның стратегиялық серіктесі болған және солай қалады. Орталық Азия өңіріндегі ахуал кейінгі жылдары саяси ынтымақтастық, экономикалық ықпалдастық, мәдени және рухани бірлікке қарай бет алғаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы кешегі өткен «Орталық Азия-Ресей»саммитінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Алғашқы саммитте экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге келіскен едік. Бүгін қабылданатын Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден аса шараны қамтиды. Бұл – өте құнды құжат. Сол себепті оны уақтылы іске асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асты.
Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвестор қатарында. Инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты. Былтыр тартылған тікелей қаржы 33 пайызға ұлғайып, 4 миллиард долларға көбейген. Бас аяғы 21 миллиард доллар болатын 114 инвестициялық жоба жүзеге асты.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.