Астанада өткен алғашқы Taldau Forum сарапшылар мен кәсіби мамандарды бір арнаға тоғыстырды. Форумның мақсаты – идея алмасып, жаңа ойларға шабыт беретін орта қалыптастыру. Taldau Community алаңында ұйымның негізін қалаушы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бес жылдық жұмыстың қорытындысын жариялады. Ол форумды қолдаған серіктестерге, Qalam Media командасына және кәсіпкер Тимур Турловқа алғысын білдіріп, алдағы уақытта да тиімді әріптестік жалғасады деген сенімін айтты. TALDAU – бүгінде шамамен 400 кәсіби маманды біріктіретін алаң. Панельдік сессияның басты қонағы – Нобель сыйлығының лауреаты, Массачусетс технологиялық институтының экономика профессоры Дарон Аджемоғлы болды. Оның «Неліктен ұлттар құлдырайды» атты кітабын бүгінде көптеген қазақстандық өз бетімен және жоғары оқу орындарында оқып жатыр.
Тимур Турлов, Freedom holding corp. бас атқарушы директоры:
— Бұл – осы тақырыпты зерттеп, үлкен жетістікке жетіп жүрген әлемнің беделді ойшылдарымен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік беретін ерекше сәт. Кітапты оқып қана қоймай, нақты сұрақтар қойып, мысалдар келтіріп, ашық әңгімелесу – білімімізді арттырып, жаһандық деңгейдегі экономикалық, саяси және басқарушылық ұғымдарды тереңірек түсінуге көмектеседі. Біз үшін бұл өте қызық. Мұндай талқылау еліміздегі сараптамалық орталықтарды, Сенаттың сараптамалық орта қалыптастыру бастамасын қолдауға үлкен серпін береді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.