Румынияда тасқын салдарынан төтенше жағдай жарияланды

Әлемнің бірқатар елінде табиғат тосын мінез танытып, жергілікті жұртты әбігерге салып жатыр. Дүлей дауыл мен толассыз жауын-шашыннан мыңдаған үйге зақым келіп, тұрғындар далада қалды.
Вьетнамда алапат су тасқынынан 10 адам опат болды. Тағы 5 тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Бірнеше елдімекен су астында қалды. 5 мыңға жуық баспана бүлінді. Зардап шеккен аймаққа көмек ретінде бюджеттен 5,5 миллионға жуық қаржы бөлді. Айта кетейік, Вьетнамдағы алапат табиғат апатына «Матмо» тайфуны себеп болды.
Жапонияға тайфун соқты. Дүлей дауыл Токиодан 280 шақырым оңтүстікте орналасқан Идзу аралдарында ойран салды. Аймақта тасқын жүріп, лай көшкіні қаупі туған. Осыған байланысты билік өкілдері жағалау мен таулы аймақтарда өмір сүретін тұрғындарды барынша сақ болуға және төтенше қызметтердің хабарламаларын мұқият қадағалауға шақырып жатыр.
Румынияда алапат су тасқыны болды. Рекордтық мөлшерде жауын-шашын түсіп, елді мекендерде ондаған тұрғын үй мен көшені су басып қалды. Зардап шеккендер туралы ресми мәлімет жоқ. Елдің оңтүстігінде қауіптің қызыл деңгейі жарияланып, төтенше жағдай енгізілді. Билік тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және эвакуацияға дайын болуға шақырды. Синоптиктердің болжауынша, алдағы бірнеше күн қатарынан толассыз жауын жаууы мүмкін.
———————————————