Елордаға Орталық Азияның ең үздік сәулетшілері жиналды

Астанада жылдың ең үздік құрылыс жобасына арналған халықаралық сәулет фестивалі басталды. Көрме-байқау аясында ерекше үлгідегі заманауи ғимараттар мен инфрақұрылымдық нысандардың жобасы таныстырылды. Бүгінгі сәулет өнеріндегі басты трендтер қандай?
Халықаралық сәулет фестиваліне ұсынылған әр жоба – алдын ала іріктеуден өткен үздік жұмыстар. Биыл байқауға 130-дан астам еңбек қабылданып отыр. Сәулет нысандары эстетикалық көркемдігімен ерекшеленеді. Классикалық стиль мен заманауи минимализм, ұлттық өрнек пен жоғары технология – бүгінгі әлемдік сәулет өнерінің басты бағыты.
«Астана — 2025» халықаралық фестивалі – заманауи сәулет өнеріндегі ең озық жетістіктерді паш ететін маңызды алаң. Бұл саланың бүгінгі жаһандық тренді — ұлттық болмысты, ерекшеліктерді сақтай отырып, заманауи технологиялармен ұштастыру. Бұл үрдіс Орталық Азия елдерінде кең қанат жайып келеді, — дейді қатысушылар.

Фарход Мусаков, Өзбекстан сәулетшілер одағы төрғасының орынбасары:
— Бүгінде сәулет саласында әлемдік трендтер қалыптасып келеді. Бұл салада ұлттық нақышымызды сақтай алмасақ, ол құнын жоғалтады. Себебі әлем елдері бір-бірін сәулет өнері арқылы таниды. Архитектурада «Ұлттық идея» деген ұғым мен дәстүрлі элементтерді сақтау маңызды болып табылады.
Халықаралық форумда сәулетшілер басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Сарапшылардың айтуынша, сәулет өнеріндегі кейбір тың идеялар мен сапалы жобалар іске аспай тасада қалады.

Александр Бадалян, Армения сәулетшілер палатасының президенті:
— Көп жағдайда сәулет өнеріндегі жақсы жобалар тек сызба жүзінде қалып жатыр. Алайда сәулет – ұлттың шынайы болмысын, тарихи сабақтастығын және құндылықтарын сақтайтын құрал. Қаланың келбеті – қоғамның дамуын көрсетеді. Сондықтан сәулет өнерінде жоба авторларын қолдау маңызды деп ойлаймын.

Ұйымдастыруылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар сәулешілердің шығармашылық әлеуетін арттыруға жол ашады.
Серік Рұстамбеков, Сәулетшілер одағының вице-президенті:
— Тұрақты бір стиль бәріміз соған бағынамыз деп айта алмаймын. Заманауи стильмен кімде боса өзінің шығарманы ерекше қылғысы келеді, танымал қылғысы келеді. Өзі көрсеткісі келеді. Осындай көрмелер де жаңа аттар шығып жатыр.
Осы форумда қаланың көркін ашатын үздік сәулет жобалары анықталады. Байқау жеңімпаздары бірнеше аталым бойынша марапатталады. Олардың қатарында «Қала құрылысы», «Ескі ғимараттарды қайта жаңғырту», «Қала дизайны» сияқты номинациялар бар.
———————————————