Астықты аймақ – Солтүстік Қазақстан облысында күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде шаруалар жалпы алқаптың 90 процентін орып бітті. Сары алтын дереу элеваторларға жеткізіліп жатыр. Себебі бидайдың ылғалдылығы жоғары. Жалпы астық бітік шықты ма, сапасы қандай? Солтүстік Қазақстан – түгін тартсаң, майы шығатын берекелі өңір. Биыл да аймақта астық бітік шықты. Сары алтын танап басынан бірден элеваторларға тасымалдануда. Бидайды кептіру үшін Үкімет тарапынан жеңілдетілген 14 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жалпы, аймақта қазір астық сақтайтын 50-ге жуық арнайы нысан жұмыс істеп тұр.
Бауыржан Сақалов, элеватор директоры:
— Біздің элеваторда 60-қа жуық адам екі ауысымда еңбек етуде. Көбіне дақылдарды күндізгі уақытта қабылдаймыз. Ал кептіргіштер мүлдем тоқтамайды. Астықтың шығымдылығы өте жақсы. Бірақ оның ылғалдылығы тым жоғары.
Қырдағы қарбалас қыркүйек айында басталды. Қазір ризығын жерден теретін диқандар екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен. Ауа райы да оң қабақ танытуда. Жалпы көктемде облыста 4,3 миллион гектар алқапқа ырыс дәні себілген болатын. Аграрилер бүгінге дейін астықтың 90 процентін жинап үлгерді. Өнім берекелілігі орташа есеппен гектарына 19,4 центнерден айналуда. Маңызды науқанға 7 мыңнан астам комбайн жұмылдырылған. Науқанды ерте аяқтаған шаруашылықтардың алды егістікке дайындалуда.
Дәурен Тоққожынов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
— Астық қабылдау орындарының шамамен жартысы толды. Жеткізілген бидайдың 23 пайызы – үшінші санат. Өңір диқандары келесі жылға дайындықты бастап жатыр. Олар 329 мың тонна тұқым қорын дайындап үлгерді. Бұл жалпы көлемнің 73 процентін құрайды. Мұнымен қоса облыс бойынша 1 миллион 600 мың гектар алқап өңделді. Биыл көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға құжат қабылдау бір айға ерте басталды.
Ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күнге дейін өңірде қамбаға 5 миллион 200 мың тоннадан астам бидай құйылды. Солтүстіктің сары алты қазірдің өзінде Ресей, Қытай және Орта Азия елдеріне экспортталып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.