Қапшағай су қоймасына құнды балық түрлерінің шабағы жіберілді

Қапшағай су қоймасына ақ амур, дөңмаңдай, сазан, тұқы сияқты құнды балық түрлерінің шабағы жіберілді. Бұл жұмыстар көлдегі балық қорын сақтап, оны көбейту мақсатында жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асатын мұндай іс-шаралардан табиғатты пайдаланушылар да қалыс қалмайды.
Балқаш-Алакөл бассейніне қарасты су айдындарына биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 2 млн дана шабақ жіберу жоспарланған. Соның тең жартысы Қапшағай су қоймасы мен Алакөлге және Балқаш көліне жіберіледі.
Ринат Кумашев, Балқаш-Алакөл ОББШ инспекциясының басшысы:
— Аталған жұмыстар Балқаш-Алакөл су айдындарының ресурстарын, балық ресурстарының өсімін молайтуға арналған. Сонымен қатар балық шаруашылығы субъектілері ағымдағы жылы 1 млн 600 мыңнан астам балық жіберуі жоспарланған.

Көлге жіберілетін шабақтарды алдымен комиссия мүшелері санап, сапалық тұрғыдан тексереді. Олардың салмағы 12-20 грамнан кем болмауы керек.
Мәрлен Тұрсынәлі, «QAZAQ BALYQ» қауымдастығының облыстық филиал төрағасы:
— Енді белгілі бір көлемде Қапшағайда, Балқашта, Алакөлдегі қазіргі зерттелген жұмыстарға қарағанда балық қорларының азайғандығы байқалуда. Оның бір жолы осылай балықтарды қолдан жіберу арқылы сол балықтарды толтыру арқылы жүргізіледі.
Алматы облысында өткен жылы 4,8 мың тонна тауарлы балық өндірілді. Биыл бұл көлем 6,5 мың тоннаға жетеді деген жоспар бар.
Жандос Ысмайылов, облыстық ТРТПР басқармасының бас маманы
— Алматы облысының аумағында 42 тауарлы балық өндіретін шаруашылық қазіргі таңда жұмысын атқаруда. Жыл басынан 300 млн теңге көлемінде субсидия төленді.
Елімізде 2030 жылға дейін тауарлы балық өндіру көлемі 270 мың тоннаға жетуі қажет. Соның 10 пайыздайын Алматы облысы өндіреді. Ол үшін өңірде жабық тоғандар мен жасанды көлдер көптеп салынып жатыр. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия төленеді.
———————————————