«Ақтөбе» клубының футболшысы мен отбасы мүшелері газдан уланып, көз жұмды

«Ақтөбе» футбол клубының 15 жастағы ойыншысы Арон Мұса, әжесі мен немере ағасымен бірге қайғылы жағдайда көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, өлім себебі газбен улану болуы мүмкін, қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жылу жүйелерін тексеруді және олардың пайдаланылуы кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр. Жылыту маусымы басталғалы бері елімізде өрттен 54 адам, оның ішінде 16 бала құтқарылған.
НАРИМАН МҰХТАРОВ, ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бір отбасының үш мүшесінің өліміне қатысты тергеу жұмыстары басталды. Газ жабдығына техникалық зерттеу жүргізілуде. Оқиға себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
ӘСЕТ ЖОМАРТ, «АҚТӨБЕ» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ МЕДИА ОФИЦЕРІ:
— Үлкен үміт күттіретін қорғаушы еді. Біз оны болашақта «Ақтөбе» футбол клубының негізгі командасынан көргіміз келген. Сол таңдаудан өткен ойыншылардың бірі, өкінішке қарай өмірден мезгілсіз өтіп жатыр. «Ақтөбе» футбол клубы Арон Мұсаның жанұясына қаржылық көмек көрсетеді.
———————————————