Дүние-мүлкімізге салынған шектеу алынып тасталсын. Облыстың әкімдік алдына жиналып, шу шығарған шаруалар осындай талап қойды. Әсіресе Байғанин ауданынан келген 54 шаруа қожалығының өкілдері әбден тығырыққа тірелгенін айтып отыр.
Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданында ондаған фермер есепшоттарының бұғатталғанына шағымданды. Олардың айтуынша, қарызын өтесе де, «Қамқор» несие серіктестігі тарапынан қойылған бұғат шешілмей отыр. Істі Жоғарғы сот қарағанымен, мәселе әлі шешімін таппаған.
Шаруалардың сөзінше, берешегін жаппаған 12 адам қалған. Бірақ олардың қарыз мерзімі 2031 жылға дейін. Қызығы, бұл тізімде несие алмағандар да бар. Солардың бірі – Мырзабай Бабасов.
Фермерлер: «Талай табалдырықты тоздырдық», — дейді. Бірақ жабулы қазан сол күйінде қала берген. Сондықтан амалы таусылғандар кассациялық сотқа жүгінеді. Сот несие алмаған шаруалардың пайдасына шешіледі.
АЗАМАТ ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ, «АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ» ДИРЕКТОРЫ:
— Біз «Қамқор» несие серіктестігінен 80 млн теңгені өндіріп алғанбыз. Бірақ «Қамқор» несие серіктестігі мүшелерінің Жоғары сотқа барып шағымдануына байланысты Жоғары сот біздің шешімді апелляциялық коллегияға қайтарды. Оның ішінде несие алмаған адамдар да бар. Олардың ақшасын апелляциялық коллегия шешімі келгенннен кейін, олар ақшамды қайтып берсін деп шағым жолдайды. Сол кезде соттың шешімімен қайтып беруге міндеттіміз.
Қазір қарызын толық өтегендер есепшот пен мүлкіне салынған аресті алып тастауды талап етуде. «Себебі онысыз мүлікті сатып, шаруашылықпен айналысу мүмкін емес», — дейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.