ІІМ: 8 айда 88 мыңнан аса қылмыстық құқықбұзушылық жасалған

8 айда 88 мыңнан аса қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. Ішкі істер министрлігіне өткен «Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету» мәселелеріне арналған көшпелі Үкімет сағатында осындай мәлімет белгілі болды. Ал соңғы екі жылда жол апатынан 4 жарым мың адам көз жұмған. «Бұған жол сапасының нашарлығы да себеп», — дейді депутаттар. Енді көңіл көтеру орындарында ішімдік сату уақыты шектелуі мүмкін. Өйткені қылмыс көбейген.
Көшпелі Үкімет сағаты бүгін бірінші рет Ішкі істер министрлігінде өтті. Министр Сәденов елімізде жағдай тұрақты дегенімен, түйіні шешілмеген түйткіл мәселе көп екен. Депутаттар министрге қоғамды алаңдатып отырған сұрақтарды жіпке тізгендей етіп айтып берді.

Үкімет сағатының көшпелі форматы Ішкі істер органдарының жұмысын ашық және толық көрсетуге мүмкіндік береді деген министр Ержан Сәденов атқарылған жұмыс барысын баяндады. Жасөспірімдер қылмысы көбейген. 9 айда 4200 қараусыз жүрген бала бейімдеу орталығына жеткізіліп, 5100 бала есепке алынған.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
— Жасөспірімдер қылмысының алдын алу қамтамасыз етілуде. Ашық айтайық, бұл салада проблема аз емес. Биылдың өзінде 1600 қылмыс тіркелді. Көбіне ұрлық, бұзақылық тонау және есірткі қылмыстары. Басты себеп, ата ананың бақылауы. Түнде бақылаусыз жүрген балалары үшін 107 мың ата-ана,1900 ойын сауық мекеме иелері жазаланды.
Жасанды интеллектіні пайдаланып, дронмен қылмысты әшкерелеген. 1500 бейнебақылау камерасымен 60 пайызға дейін әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Бірақ Ішкі істер органдарына айықтыру орындары, компьютер, тіпті 4,5 полиция қызметкері мен 326 учаскелік пункт жетіспейді.

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бүкіл ғылымның, білімнің, руханияттың, мәдениеттің, әлеуметтік саланың, денсаулықтың аузынан жырып тұрып қоғамның тыныштығы деп осы бағытқа көптеген қаржы жұмсалып жатыр. Сіз басқарып отырған салада қоғамның полицияға сенімі жоғалып бара жатқан мәселелер аз емес. Нақты өзіңіз келгелі нақты қандай 5 шараны іске асырдыңыз?

Министр Сәденов барынша жауап беруге тырысты, әрине. «Арамызда жемқорлар болса, тазартып жатырмыз», — деді ол. Бәрінен бұрын депутат Нартай Сәрсенғалиевтің жол апатына қатысты келтірген мысалы жаға ұстатты.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Министрліктің өкіліне 2 сұрағым бар. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігі жол көлік оқиғаларының санын азайту үшін бірлескен қандай жұиыстар жасап жатыр? Одан нәтиже бар ма? Екінші, осы жолдағы апаттылықты азайту үшін жол учаскелерінде өте қауіпті жерлерде жұмыс істеген компанияларға ІІМ қандай да бір ескерту айтуға, талап қоюға уәкілеттілігі бар ма, жоқ па?

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
— Біз 9 ай көлемінде 3 мың емес 65 мың ақауы бар жерді анықтадық. Жол қауіпсіздігіне біз жауап береміз, сол себепті ІІМ тұрақты түрде жұмыс істеп жатады. Енді 65 мыңды анықтап қарап отырмаймыз ғой,оны Транспорт министрлігіне жібереміз.Және жол жөндеу компаниялар оларды жаңағы ақаулар бойынша ,өрескел бұзғаны үшін 5,5 мыңнан астам сол компаниялардың басшылары жауапқа тартылды.

Министрдің айтуынша, инфрақұрылым ретке келтірілмейінше жаяу жүргінші де, самокат айдаушыға да қауіп азаймайды. Ал жол сапасы қашанда назарда.
———————————————