Қазақстанда ішімдік өнімдерін онлайн сатуға тыйым салынбақ

Қазақстанда ішімдік өнімдерін онлайн сатуға тыйым салынбақ. Бұл туралы Ішкі істер министрі мәлімдеді. Ерлан Сәденовтың айтуынша, елімізде тіркелетін әрбір оныншы қылмыс мас күйінде жасалады екен. Сондықтан алкогольдік өнімдерді онлайн сатуға шектеу қойылмақ. Жалпы, бүгінде елімізде 4 мыңнан артық ауыл ащы судан мүлдем бас тартқан. Бұл бастама қоғамдық тәртіпке де оң әсерін тигізген. Статистикалық деректерге сүйенсек, бұл елдімекендерде бірде бір қылмыс дерегі тіркелмепті.
400- ге жуық тұрғыны бар Бірлік ауылы бүгінде көпке үлгі. Мұндағы дүкеннің бірде-біреуінен ішімдік өнімдерін таппайсыз. Алкоголдан бас тартқан елдімекеннің берекесі де артқан.

Ауыл ақсақалдары мен әкімдік ішімдіктен бас тарту жөнінде қаулы қабылдаған. Әр тұрғын бұл бастаманы бірауыздан қолдады. Нәтижесі де бар. Соңғы уақытта Бірлік ауылында қылмыс түгілі, ұсақ бұзақылық дерегі де тіркелмеген. Қоғамдық тәртіп сақталып, үлкен мен кішінің арасындағы сыйластық қайта жаңғыра түскен.

Қуантатыны, жастар жағы спортқа бет бұрып, бос уақытын тиімді өткізіп жүр. Бұл ұрпақ болашағына деген жаңашырлықтың жарқын көрінісі болса керек. Айталық, соңғы жылдары елімізде ащы судан бас тартып, салауатты өмір салтын ұстанған ауыл 4030-ға жеткен.
———————————————