Павел Дуров қазақстандық стартап жобаға 25 мың доллар сыйақы берді

STEM білім беру саласындағы жас қазақстандық стартап күтпеген қолдауға ие болды. Павел Дуров жобаны жоғары бағалап, командаға 25 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған.
Жақында өткен Digital Bridge форумындағы стартап-баттл CYBERPACK.AI командасы үшін шешуші сәт болды. Олар STEM білім беру саласындағы жобасын сенімді түрде таныстырды.

Сол кезде олар жеңімпаз атанбаған еді. Алайда бірнеше күннен кейін күтпеген жаңалық болды, Павел Дуров жеке өзі 25 мың доллар көлемінде сыйақы берді.

САБЫРЖАН МҰСТАФИН, ЖОБАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
— Бес финалист марапатталған номинация бойынша біз сәйкес келмедік. Үш күн өтті, біз командамен сәл ренжіп жүрген едік, көп дайындалғанбыз. Кешке Astana Hub-тан қоңырау келді. Оларға Павел Дуровтың өзі хабарласып, біздің жобаны қолдағысы келетінін, 25 мың доллар көлемінде сый беретінін айтқан. Ол біздің жобаға сеніп, ұнатқанын айтыпты.

Бұл конструктор көмегімен оқушылар 150-ден астам ғылыми жоба жасай алады. Оларға арнайы жасанды интеллекті бар мобильді қосымша көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта өнім Қазақстанның 70 мектебінде енгізілген. Жазылымға оқыту әдістемесі, зерттеу жиынтығы, мобильді қосымша және мұғалімдерге арналған веб-платформа кіреді.

САБЫРЖАН МУСТАФИН – ЖОБАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
— Абай Құнанбайұлы әр қазақтың оқып, жаза білуін армандаған. Біз дәл сол арманды жалғастырып, еліміздің келесі эволюциялық қадамын жасағымыз келеді. Әр қазақ отбасында ғалым, зерттеуші немесе инженер өсіп шықса дейміз. Біздің жиынтық баланың барлық инженерлік дағдыны меңгеруіне мүмкіндік береді.

Жобаның басты мақсаты – әрбір қазақстандық отбасынан ғалым шығару. Команда жыл соңына дейін тағы 300 мектепті, ал үш жылда үш мыңға жуық білім ордасын қамтуды жоспарлап отыр. Жоба авторларының айтуынша, ең бастысы, оларға мектеп мен ата-ана сенім артты, енді сол сенімді ақтау!
———————————————