Кей мамандықтар – жай ғана жұмыс емес, өмірдің мәні. Екібастұздағы бір еңбек әулеті туралы дәл осылай айтуға болады. Мұнда әке мен оның үш ұлы өз тағдырын көмір кенішімен байланыстырған. Олар үшін шахтер еңбегі – жай кәсіп емес, ұрпақ біріктірген абыройлы іс.
Еңбек әулетінің тарихы отағасы Бақтыбай Ержановтан басталады. Ол 2011 жылдан бері көмір кенішінде еңбек етіп келеді. Қазір инженер-реттеуші. Жылдар бойы адал еңбегімен әріптестерінің құрметіне бөленген Бақтыбай аға былтыр «Құрмет» орденімен наградталды.
СНХ: БАҚТЫБАЙ ЕРЖАНОВ – ИНЖЕНЕР-РЕТТЕУШІ
— Үш балам бірге жұмыс істейді. Үлкен балам – механик. Екінші балам –инженер. Үшінші балам – слесарь. Өзім жұмыс істедім, сосын балаларымды да қасыма тарттым. Себебі маған ол жер ұнады. Жұмыс та, коллектив те – барлығы ұнады.
Үлкен ұлы Бірлік Керімқұлов та әкесінің ақылын тыңдап, кенішке жұмысқа орналасқан. Кәсібін таңдамас бұрын бірнеше жыл өз жолын іздегенімен, ақыр соңында шахтерлік іске бет бұрды. Ол алғашқы еңбек жолын бульдозер машинисі болып бастап, бүгінде бір учаскенің басшысы ретінде техниканың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалайды. Бірліктің айтуынша, бұл оңай жұмыс емес. Төзімділік пен зейінді қажет етеді.
БІРЛІК КЕРІМҚҰЛОВ – УЧАСКЕ МЕХАНИГІ:
— Бұл – нағыз ерлердің еңбегі. Оның кеңседегі не қоймадағы жеңіл жұмыстармен еш ортақ жері жоқ. Еңбек ауыр, өз ерекшеліктері бар. Бірақ оған үйренген адам үшін қиын емес. Иә, шаң мен түтін бар. Бірақ бұл – біздің жұмысымыз, біздің өміріміз. Бұл – Екібастұз.
Әкесі мен ағасының ізімен кеніш ұжымына Ерлік Керімқұлов та келген. Қазір ол жабдықтардың сенімділігін қадағалайтын инженер болып еңбек етеді. Құрылғылардың техникалық жағдайын талдаумен айналысады. Отбасылық дастарқанда да олардың әңгімесі көбіне жұмыс төңірегінде өрбиді.
ЕРЛІК КЕРІМҚҰЛОВ – СЕНІМДІЛІК ИНЖЕНЕРІ:
— Ағам тракторлармен айналысады, егер оның техникасы тоқтап қалса, мен неге тоқтағанын анықтаймын, ал әкем жөндеуге кіріседі. Үйде бәріміз осы туралы сөйлесеміз. Кейде әркім өз ойын айтады, кейде дауласып, күліп те аламыз, бірақ бәрі өз шешімін табады. Жұмыс бірсарынды емес, қызықты әрі еңбекақысы жақсы.
Екібастұздағы бұл еңбек әулеті – ұрпақтар сабақтастығы мен мамандыққа адалдықтың жарқын үлгісі. Осындай әулеттер көмір саласының сенімді тірегі болып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.