Мың түйеден құралған керуен: қазақстандық кәсіпкер әлемдік рекорд жасады

100 емес, 500 емес, мың түйеден құралған керуен. Бір қызығы, осы түйенің бәрі бір адамдікі. Алматы облысының Іле ауданындағы Күрті ауылдық округінің кәсіпкері әлемдік рекорд жасады. Жаңа рекорд тіркелгенін растайтын сертификатты түйеші Сыдық Дәулетовке Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыс етті. Англиядан арнайы келген мейман Қазақстандық жобаның ерекшелігіне тоқталды. Ол өз сөзінде бұл рекордтың жуық арада жаңара қоюы екіталай екенін айтты.
РИЧАРД УИЛЬЯМ СТЭННИНГ, ГИННЕСТІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Бұл шынымен де өте айрықша жағдай. Өзге елде мұндай керуен әр адамның малынан құралады. Ал Қазақстанда өткен керуенге қатысқан мың түйенің қожайыны – бір-ақ адам. Бұл рекордты шынымен де бірегей етті.

СЫДЫҚ ДӘУЛЕТОВ, ӘЛЕМДІК РЕКОРД ИЕГЕРІ:
— Бұл іс-шара – еліміз үшін, Қазақстан үшін істеліп жатқан нәрсе. Себебі бұл керуен дегенді халық сонау жүз жылдай көрмеген, сағынып қалған. Халық жақсы қабылдады. Сондықтан біз мұны тоқтатпаймыз. Келесі жылы шұбат фестивалін ұйымдастырамыз деп жатырмыз.
———————————————