Бүгін Президенттің қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Мемлекет басшысы реформаның мақсаты – Сенатты тарату емес, саяси жүйені жаңғырту екенін атап өтті. Конституцияның 40 бабына, 10-ға жуық Конституциялық заң мен 50-ден астам құқықтық актіге өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Жұмыс тобының ұсыныстары референдум арқылы қабылданатын Конституциялық түзетулерге негіз болады. Айта кетейік, Жиынды Жұмыс тобының жетекшісі Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жүргізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада арнайы Жұмыс тобын құру туралы Өкімге қол қойдым. Парламенттік реформа – еліміздің алдында тұрған аса маңызды, жауапты жұмыс.
Елдің саяси құрылымын жаңғыртудағы басты бағыттың бірі – бір палаталы Парламентке көшу. Президенттің пікірі осы. Бұл – халықаралық тәжірибеге толық сай келетін шешім.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс.
Жиында мемлекет басшысы бұл бастаманың ел тағдырына әсер ететін аса маңызды шешім екеніне ерекше тоқталды. Сондықтан асығыстыққа жол берілмей, кең ауқымды талқылаудан кейін ғана жүзеге асырылатынын жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс. Қазақстан – халық үніне құлақ асатын әділетті мемлекет. Бұл – мызғымас ұстаным.
Жоспар бойынша алдағы уақытта Конституцияның 40-қа жуық бабы, 10 конституциялық заң мен 50-ден астам кодекс пен заңды өзгертілмек. Бұл реформаны жаңғырудың қисынды жалғасы болады. Сондай-ақ Президент алдағы уақытта e-Parlament жүйесі сұранысқа ие құралға айналатынын да атап өтті.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.