Зейнетақы қорындағы қаражатты жымқыру деректерінен кейін Атыраудағы барлық тіс емханалары тексеріліп жатыр. Әсіресе жеке клиника басшылары мен қызметкерлерінің жұмысына уақытша шектеу енгізіліп, мүліктеріне тыйым салынды. Алайда бұған кейбір кәсіпкерлер келіспейтіндерін айтып, наразылықтарын білдірді. Олар қаржы мониторинг агентігінің мұндай әрекетін негізсіз деп санайды. Әрі өз талаптарын қойды. Жалпы құзырлы орган 20-дан аса заңбұзушылықты анықтаған. Бұған дейін қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері мен прокурорлар 5 қылмыстық топты ұстаған еді. Ұйымдастырушылар жалған құжат арқылы Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа да қалаларда орналасқан деген желеумен 30-дан астам стоматологиялық клиниканы пайдаланған.
АЙДОС КЕНЖЕБЕКОВ, ҚОРҒАУШЫ:
— Зейнетақы қорындағы ақша – азаматтардың өздерінің еңбегімен жинаған ақшалары. Өздері үшін пайдалануға мемлекет мүмкіндік беріп отыр. Азаматтар сол мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Тыйым салмауы керек. Істі қазір қарап жатырмыз.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.