Атырауда балабақша қызметкерлері жалақыларын ала алмай жүр

Атырауда 70-ке жуық балабақша қызметкері үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. «Соның салдарынан тәрбиешілер несиемізді төлей алмай, қарызға баттық», — дейді. Жиналғандар әкімдіктен маңдай термен тапқан жалақымызды уақытылы төлесін деп талап қойды. Жалпы Мемлекеттік балабақшада 150-ге жуық бала тәрбиеленеді. Ал жауапты мамандар ваучерлік жүйе енгізілгелі, жалақы төлеу кешіктірілді деп отыр. Әрі ай соңына дейін барлық шығынды өтеп беретіндерін жеткізді.
АЙГҮЛ ШАЙМАРДАНОВА, БӨБЕКЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ
— Біз осы жылдың тамыз айынан бастап 3 айдың еңбекақысын ала алмай жүрміз. Оның ішінде еңбекақы бар, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысымыз бар. Соны ала алмай отырмыз. Бүгінге дейін еңбек инспекциясына апарған едік, қазанға дейін шегеріп келеді. Басшымыз еңбек демалысында. Қарыздан қарызға кіріп отырмыз. Кредитті төлеу үшін кредит алып отырмыз.

ГҮЛСІМ ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ, БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Шілде айынан бастап ваучерлік жүйеге көшірілді. Оның ішінде барлық аймақтағы бөбекжайлар бар. Біз қазір жаңа жүйемен жұмыс істеп жатырмыз. Мұның мақсаты – ашықтық, бәсекелестік. Бүкіл есептеу қайта жүргізіледі. Шығыстарды реттеп, толықтырамыз.
———————————————