Қазақстан экономикасында өсім бар: 9 айда ІЖӨ 6,3% артты

Банктер мен қаржы ұйымдары халыққа несие рәсімдеу кезіндегі барлық артық төлемдерді ашық көрсетуі қажет. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мекеме басшыларына осындай тапсырма берді. Үкімет басшысы экономикалық өсімді арттырып, халық табысын көтеру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық саласында өсім бар. Ең жоғары көрсеткіш көлік, құрылыс және тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Инвестиция көлемі де артып, 13,8 триллион теңгеге жеткен. Жалпы ішкі өнім өсімі 6,3 пайызға тең. Мемлекет қолдауымен 19 құс фабрикасы қаржыландырылып, ішкі нарықты құс етімен қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайызға жеткен.
АЗАМАТ ӘМРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында сыртқы сауда айналымы 90,1 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 52 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 18,1 млрд долларды құрады. Тауарлардың импорты 40,1 млрд теңге. Әлемдегі жағдайларға қарамастан он сауда балансы сақталады.

Дегенмен негізі макроэкономикалық көрсеткіш бойынша артта қалған өңір де бар. Бұл – Абай және Ұлытау облысы. Үкімет басшысы аймақ басшыларына экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша нақты тапсырма берді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— 9 айда тауар айналымында өсім бар. Элеткрондық сауданы дамыту есебінен ішкі нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету керек. Сауда және интеграция минитсріне мүдделі органдармен бірлесіп,негізгі тауарлар бойынша міндетті таңбалаудың орындалуына мониторинг жүргізу қажет.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтардың сатып алу қабілетін қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды. Үкімет басшысы банктер мен қаржы ұйымдарына халыққа несие рәсімдеу кезіндегі барлық артық төлемді ашық көрсету қажеттігін ескертті. Сондай-ақ тауарларды бөліп төлеу жолымен сату кезінде барлық шығын тауардың құнына қосылып, нақты көрсетілуі керек екенін айтты. Тұтынушылық бағаны тұрақтандыру жұмысын күшейтуді де міндеттеді. Бұл – инфляциялық қысымды төмендетудің маңызды тетігі.

Қыркүйек айының қорытындысы бойынша елдегі инфляция деңгейі 13 пайызға жуықтады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бағаны төмендетудің негізгі жолы – импортқа тәуелділікті азайту. Осы ретте ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету міндеттелді. Үкімет сағатынан кейін салалалық ведомство өкілдері баспасөз брифингіне қатысты. Тілшілер ипотека алушыларға қаржылық жүктеме артады ма деп сұрады.

ЕРЖАН БІРЖАНОВ, ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Бұл ереже жаңа салынатын үйлер бойынша енгізіледі. 2024-2025 жылы басталған құрылыс бойынша қосымша құн салығы салынбайды. 2026 жылдан бастап салынатын үйлер бойынша ғана.
Қаржы вице-министрі базалық мөлшерлеменің 18%-ға өсуі елдің жалпы экономикалық өсіміне кері әсер етпейді деп отыр.
———————————————