Оралда бірнеше жыл тұралап тұрған тері өңдеу зауыты қайта іске қосылды. Ауыл шаруашылықты аймақ үшін бұл кәсіпорынның маңызы зор. Өткізетін жер болмай далада жатқан бағалы мал терісі енді кәдеге жарайды.
Тері мен жүн өңдеу мәселесі еліміз бойынша өзекті. Дерекке сүйенсек, шикізаттың тек 10 пайыз ғана өңделеді. Ата кәсіпті нәсіп еткендер бұл сауалды бұған дейін де көтеріп келген. Себебі бағалы байлық далада текке ысырап болып жатыр. Бұған дейін ашылып, қаражат, шикізаттан туындаған мәселеден кәсіпорын жабылып тынған. Ираннан келген инвестор зауытқа қызығушылық танытқан. Бірінші кезеңде осы мақсатқа 1 миллард теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ.
Алдағы уақытта тағы да жаңадан 30 жұмыс орны ашылмақ. Өңдеу процесі екі ауысымға көшіріледі. Облыстың өзінде жылына 200 мың мүйізді ірі қара, 430 мың ұсақ мал терісі өндіріледі екен. Бұдан бөлек сырттан да тасымалданады. Зауыттың толық қуатпен жұмыс жасап, дайын өнімдер шығаруына шикізат қоры жеткілікті.
АМАНҒАЛИ ШАЯХМЕТОВ ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
— Күніне мың тері шығып жатыр. Қуаттылығы күніне үш мыңға дейін. Терілерді аудан, ауылдардан жинап жатырмыз. Ақтөбе облысынан 2-3 күнде 1 фура келді.
Бір мәселе – шикізаттың сапасы. Теріні жинау, сақтаумен қатар оны дайындау. Мал ауруына қарсы уақытылы екпелер жүргізу, таңбалау және теріні механикалық әдіспен сыпыру да сапаға тікелей қатысты. Түкке жарамай, далада жатқан бағалы тері, кәдеге жаратылып жатыр. Қазір осы жерде өңделген өнімнің алдыңғы легі экспортталып, Иран, Түркия еліне шығарылып жатыр.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Ұзақ жыл тұралап қалған кәсіпорынға осылайша жан бітті. Зауыт толық қуатқа көшкен кезде жылына 182 мың МІҚ, 624 мың ұсақ малдың терісін өңдеуге қабілетті. Алдағы уақытта жүн өңдеу цехын ашу да жоспарда бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.