Ювеналды инспекторларды мектепке қайтару керек. Бүгін «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Мәжіліс депутаты осындай ұсыныс айтты. Асхат Аймағамбетов: «Әйтпесе қазір ювеналды полиция қызметкерінің мектептегі жұмысын мұғалімге жүктеп қойған», — деді. Депутаттар жасөспірімдердің тәрбиесіне мектеп пе, полиция ма нақты кім жауап беретінін жаңа заңда бекітуді сұрады.
«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы елдегі профилактика жүйесін түбегейлі жаңартады», — дейді Ішкі істер министрі. Егер бұрын құқықбұзушылықтың алдын алу ісі негізінен Ішкі істер министрлігінің құзырында болса, енді оған білім, денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат салалары да тартылады. Министр Ержан Сәденов әкімдерді де облыстағы тыныштыққа жауапты етіп қоймақ.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
— Ортақ жауапкершілік енгізіледі. Әкімдер өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін, мемлекеттік органдар құзыреті бойынша профилактика үшін, маслихаттар, олардың есептерін тыңдау бойынша жергілікті қоғамдастықтардың рөлі күшейтіледі. Олар – ақсақалдар, жұртшылық кеңестері…
Бір сөзбен айтқанда, министр профилактикаға елдің бәрін тартқысы келеді. Әр қазақстандыққа «қоғамдық көмекші» болуға мүмкіндік берейік дейді. Белсенді азаматтарды ақшалай сыйақы, құрметті атақтармен қызықтырмақ. Оларға із-түссіз жоғалған адамдарды іздеуге, полиция келгенше оқиға орнын күзетуге рұқсат беріледі. Ержан Сәденов полицияның кей өкілетін меншік иелері бірлестігі төрағасына да бөліп беруге дайын. Депутат Бақытжан Базарбек бұл идеяны қолдай қоймады.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Өкінішке қарай, министр мырза, профилактика жұмыс жасамай жатыр. Заң жобасында профилактикада қоғамдық көмекші институтын енгізіп жатырсыздар. Бірақ, бір нәрсені ұмытып кеттіңіздер, қоғамдық көмекшілердің қауіпсіздік кепілдіктері. Қоғамдық көмекшілер мемлекетке көмектесуге әрдайым даяр. Әртүрлі былықты, наркопритон болсын, жезөкше притоны болсын, жемқорлардың притоны болсын, соны ашуға дайын. Бірақ олар қауіпсіздікті сіздерден күтіп отыр. Сіз ол қауіпсіздікті бере аласыздар ма?
Депутат Асхат Аймағамбетов ювеналды инспекторларды мектепке қайтаруды ұсынды. Сөйтіп, жасөспірімнің біліміне жауапты мұғалімді бейресми полиция қызметінен босату керек.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТО, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Көп жыл бойы мектептерде ювеналды полиция инспекторлары жұмыс істейтінін барлығымыз жақсы білеміз. Олар балалармен, ата-аналармен, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жеке жұмыс істейтін, құқықбұзушылықтың алдын алатын. Алайда соңғы жылдары бұл мамандар мектептен алынып тасталды. Нәтижесінде, барлық жүктеме мұғалімге түсіп отыр. Бірақ мектеп – полиция емес, ал мұғалім құқық қорғау қызметкері емес екенін барлығымыз білеміз. Бүгінгі ахуал не көрсетіп отыр? Жасөспірімдер арасындағы буллинг, күш көрсету, бейәдеп мінез-құлық, тіпті ұрлық сияқты ұғымдардың таралуы шынайы қауіпке айналып отыр.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев министрден бұл заңда әскердегі әлімжеттікті жоюдың тетіктері неге қарастырылмаған деп сұрады.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бүгінгі құқық бұзушылық профилактикасы туралы заң осы мәселені қалай шешуі мүмкін деп қарастырса, он жетінші бапты қарап отырмын. Әскери басқару органдарының құзыреті туралы. Бірақ ешқандай жаңалық жоқ. Әскерлерде тәрбие, идеологиялық жұмыстар жүргізу, құқық бұзушылық анықталса, әскери полицияға хабарлау, құқық бұзушылық профилактика шараларын қабылдау. Бұл әуелден бар нәрсе. Және бұл әскердегі заңсыздықтарды жоймайтынына көзіміз жетті. Жылдар бойы жойылмай келетін әскердегі заңсыздықтарды, уставқа қарсы әрекеттерді жоятын тағы қандай тетіктер бар? Бұл мәселені шешудің, профилактика жасаудың тетігі қарастырылды ма әлде он жетінші баптағы стандартты күймен шектелеміз бе?
ЕРЖАН СӘДЕНОВ – ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
— Қайғылы оқиғалардың болып жатқаны – міндет атқару мәселелері. Сол себептен толыққанды шештік. Осымен шектелеміз деп айтпаймын. Өйткені бұл бірінші отырыс қой, тағы ұсыныстар болса, біз оны қарастырамыз.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттар не сұраса да, Ішкі істер министрі екінші оқылымға дейін талқылайық деп жауап беріп отырды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.