ШҚО-да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қажет санитарлық анықтама алу жеңілдейді

Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қажет санитарлық анықтама алу жеңілдейді. Өскеменде халықаралық талапқа сай жаңа зертхана пайдалануға берілді. Бұл – ел аумағындағы бірегей замануи кешен. Мұнда ет, сүт, балық, бал, жем мен тұқымға ветеринарлық, фитосанитарлық және тағамдық сараптамалар жедел жүргізіледі. Барлық зерттеу нәтижесі халықаралық стандартқа сай сертификатталады. Қазақстандық өнім қосымша тексерусіз-ақ сыртқы нарыққа тікелей жөнелтіледі. Бүгінде шығыс қазақстандық өнімдер 20-дан астам елге экспортталып отыр. Оның ішінде Қытай, Ресей, АҚШ және Еуроодақ бар. Осы жылдың жеті айында өңірдің тауар өндірушілері шетелге 570 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жөнелткен. Жалпы құны 250 миллион доллардан асады.
ВЕНЕРА ӨМІРЗАҚОВА, ВЕТЕРИНАР:
— Бұрын тапсырыс берушілер бізге өнімді зерттеуге әкелген соң, нәтижесін кем дегенде үш күн күтетін. Қазір біз жоғары тиімді сұйық және газды хроматография, сондай-ақ атомды абсорбциялық спектрофотометр сияқты заманауи құралдардың көмегімен сараптаманы небәрі үш сағаттан бір тәулік ішінде жүргізе аламыз.
———————————————