Қарағандыда жазда басталған жол жөндеу жұмысы аяқсыз қалған. Бұған жүргізушілер мен тұрғындар наразы. Әкімдік қарашаның қара суығына дейін жолды тапсырамыз деп уәде берді.
Қарағандылық Антон Мыцик такси жүргізушісі боп еңбек етеді. Тәулігіне 12 сағат көлік тізгіндейді. Сондықтан қала көшелерін бес саусағындай біледі. Соңғы айларда жүйкесі жұқарғанын айтады. «Жол жөндеу жұмыстары биыл да жүйесіз басталып, аяқсыз қалайын деп тұр», дейді.
АНТОН МЫЦИК, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:
— Тамызда асфальтты қопарып тастады. Содан бері әлі ештеңе бітпеген. Жүргізушілерге ыңғайсыз. Жолдарды жөндеп жатқан жұмысшы да, техника да жоқ. Ал біз шұрық-тесік жолмен күнде жүрміз.
Басталған істің бітпейтініне наразы жұрт. Мердігер көп, нәтиже жоқ. Мысалы, биыл бір ғана компания 24 көшені жөндеуге міндет алған. Ал әкімдіктің айтар уәжі басқа. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл Қарағандыда 115 шақырым жол жөнделуі тиіс. 16 миллиард теңге бөлінген. Алайда бүгінге дейін бұл қаражаттың 13 миллиарды ғана игерілді. Тіпті кей көшелерде жұмыс енді ғана басталыпты.
ГРИГОРИЙ БОТНАРЬ, ТКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Барлық көшені бірден жауып тастап, асфальт төсеуге болады. Бірақ, бұл қала ішінде үлкен кептеліс тудырады. Сондықтан, жөндеу маусым аяқталғанша жалғасады. Бұған түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Әкімдік қызметкерлері жұмыс кестесінде ешқандай іркіліс жоқ деп сендірді. Жөндеу толық қарқынмен 1 қарашаға дейін аяқталады деп уәде етті. Біз, тілшілер, «жөнделіп жатыр деген» бірнеше жол учаскесіне барып көрдік. Бірақ ол жерден жұмысшыны да, техниканы да байқамадық.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.