Еліміздің солтүстігінде жол сапасын жасанды интеллект бақылайды. Автоматтандырылған жүйе сала мамандарының жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. Мәселен бұрын әрбір 100 шақырымның дерегін өңдеуге 4 тәулік кететін. Ал қазір ол небәрі 3-4 сағатта дайын болады. Тың технологияның тиімділігін теріскейдегі тілшіміз Самат Қайырденұлы баяндап берсін.
Еркен Әбілмәжінов жол сапасын бақылаумен айналысатын инженер. Білікті маман бұрын олқылықтарды жаяу жүріп анықтайтын. Ал қазір бар шаруа озық технологияның көмегімен атқарылады. Яғни 4 арнайы камера және бірнеше ақылды құрылғымен жабдықталған жылжымалы зертхана асфальтқа диагностика жасайды. Осылайша жол жабындысының беріктігі, тегістігі тексеріледі.
ЕРКЕН ӘБІЛМӘЖІНОВ, ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:
— 3 метрлік құрылғыны көтіріп алып жолдың шұңқырын, ойығын бақылайтын едік. Әрі оның көлемімен ұзындығын өлшеу керек. Мұның барлығы қолмен атқарылатын. Қиын кездер болды. Ал қазір ақылды жүйе бәрін өзі есептейді. Материалды бірден Астанаға сараптамаға жібереміз. Осылайша жасанды интеллект кемшіліктерді анықтап береді.
Мамандардың айтуынша бұрын 100 шақырымның дерегін өңдеуге шамамен 4 тәулік уақыт кететін. Ал қазір жасанды интеллект бұл істі небәрі 3-4 сағатта тындырады. Айта кету керек биылдың өзінде аймақта мың жарым шақырымнан астам жолға диагностикалық тексеруден өтті. Нәтижесінде республикалық маңызы бар «Екатеринбург – Алматы» тасжолында ақау анықталды.
ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ, ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Тапсырыс беруші бұл учаскеге ағымдағы жөндеу жүргізбек болған екен. Алайда жылжымалы жол зертханасы диагностика жасаған соң, жасанды интеллект оның сапасы өте нашар екенін көрсетті. Енді оны қайта жаңғырту үшін арнайы конкурс ойнатылады. Осылайша келер 30 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтеді.
Жол – экономиканың күре тамыры. Ол жақсарса барыс-келіс, алыс-беріс артады. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысы автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елімізде екінші орында. Қазір аймақта 8,4 мың шақырым жол бар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.