Алматыда инклюзивті білім берудің әлемдік конгресі өтіп жатыр

Елімізде әр бала өз қатарластарындай ойнауға, оқуға, армандауға лайықты. Алматыда инклюзивті білім беру тақырыбындағы әлемдік конгрессте 50 елдің ұстаздары мен ата-аналары және сарапшылар осы мәселеге жан-жақты тоқталды. Үш күн бойы олар ерекше қажеттілігі бар балаларға білім берудің қолжетімділігі және түрлі кедергіні жою туралы талқылайды.
Алматы қаласы бұл күндері білім берудің жалпыға бірдей мәселелерін әлемдік деңгейде талқылау алаңына айналды. Әлемнің әр түкпірінен келгендер ортақ тақырыпта ой қозғады. Олардың арасында ерекше қажеттілікті қажет ететін балалардың ата-аналары да бар.

АЭЛИТА АЛЕКСАНДР, ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Менің балам қазір 6 жаста. Балабақшадан, мектепке ауысатын кезеңі. Инклюзивтік бағытта нақты қолдау бар, бұл бағытта түрлі қор арқылы мектептерде де жұмыстар жүріп жатыр. Бұл, әрине, қуанышты. Келесі жылы балам оқушы атанады. Менің осы жерге келген себебім де, біздей аналар үшін қандай жаңалықтар бар екенін өз құлағыммен есту.

Жыл өткен сайын елімізде инклюзивті білім беру мәселесі күрделене түсті. 235 мың бала ерекше қажеттілік бойынша дәріс алатындар санатында. Соңғы жылдары 91 мектепте оларға арнайы оқыту сыныптары ашылған. Өткен алты жылда осы саланы жетілдіруге арналған құқықтық пакетке өзгерту енгізілген.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Алматы декларациясын талқыладық. Ол жерде құндылықтар қалай болады, сонымен қатар білім беру саласындағы мұғалімдерімізді қалай дайындаймыз? Мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты жағдайдағы балалармен тең оқытқан кезде бағалау стандарттары қалай болады, қоғамға жетелеп, оларды еңбек нарығына дайындау мәселелері, медициналық көмек көрсету мәселелердің барлығы талқыланды.

2011 жылы елімізде инклюзивті білім беру қарқынды жүзеге асырыла бастады. Дегенмен, бұл санаттағы балаларға қажетті мамандар тапшы. Әсіресе, Республикалық маңызы бар қалаларда жетіспеушілік байқалады.

Конгресте халықаралық сарапшылар, білім беру ұйымдарының өкілдері баяндамалар жасады. Білім берудегі теңдік – бұл қоғамның іргетасының негізі дейді олар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан әлемдік деңгейде конгрессті ұйымдастырушы алғашқы ел екен. Соның негізінде БҰҰ Бас ассамблеясына Алматы декларациясының хаты жолданбақ.
———————————————